Международный секретариат G-Global г.Нур-Султан, ул.Темирказык, 65, офис 116 тел.: 7(7172) 278903

ӘОЖ 33.332.1

Б.Бекбенбетова, Т.Азатбек, Ж.Қ.Жанабаева

       Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКАНЫҢ ДАМУЫНДА МҰНАЙ ГАЗ

ӨНДІРІСІНІҢ АЛАР ОРНЫ

Қазіргі таңда Қазақстанның мұнай-газ саласы айтарлықтай табысқа қол жеткізіп, мұнай өндіру бағыты бойынша әлем деңгейінде 17-ші орынды тұрақтап отыр. Өткен уақытқа көз жүгіртсек 1990 жылдардың соңынан бері отандық өндірісте шикі мұнай өнімін өндіру үш есе артып, әлемдік мұнай

өндірісіндегі үлесі – 1,9% құрады [1].

Мұнай және газ өндіру ел экономикасының басым және тиімді бағыттарының бірі. Яғни, Қазақстан экономикасының дамуында алдағы біршама жылдары шикізаттық бағыт сақталып қалуы ықтимал, өйткені көмірсутектерінің баланстық қорларының мөлшері мен олардың құндылықтары елдің орнықты дамуының негізі болары сөзсіз. Бүгінде Қазақстанның ірі табиғи-ресурстық әлеуетін иеленуімен байланысты - индустриялды дамыған елдер арасындағы орны ерекше. Ал осы байлықты тиімді пайдалану елдің энергетикалық қауіпсіздігінің ең маңызды алғышарттарының бірі.

Қазақстанда жалпы алынатын қоры 5,7 млрд. тонна мұнайды құрайтын 200-ден астам көмірсутегі кен орындары барланған, бұл жағдай оның әлемдегі мұнай өндіруші мемлекеттер арасында бірінші ондықта орын алып отырғанын айқындайды. Сонымен қатар, газ конденсаты және мұнай ресурстарының дәлелденген қорлары бойынша дүние жүзінде 12-орынды және иеленіп отыр. Елдегі көмірсутек шикізатының 97%-ы батыс аймақта орналасқан, олардың 70 пайызға жуығы бар болғаны бес аса ірі кен ошақтарында [1]. 

Осыған орай, Қазақстан өнеркәсібінің бүгінгі күнгі жетістіктері негізінен кен өндірісі арқылы қалыптасып отыр. Сарапшылардың болжамы бойынша 2021 жылға қарай мұнай өндіру көлемі 88,5 млн. тоннаға, газ өндірісі 52 млн. куб. м. дейін жетеді делінген. Әрине, болжамды көлемде көмірсутек шикізаты өндірісінің өсуі мұнай-газ саласындағы мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру нәтижесінде жүзеге аспақ. Бірақ, өндіру мен өңдеу көлемін ұлғайту тек жаңа кен орындарын ашу мен кешенді өңдеуге қатты қалдықтарды пайдаланумен байланысты болып отыр. Сонымен қатар, кейбір шикізат түрлерін өңдеу қымбатқа түсетінін ескерсек, осы жағдай, болашақта шикізаттік экспортты кеңейтуге біршама қиыншылықтарды туғызуы мүмкін.

Бірақ, минералды шикізат ресурстарын кешенді пайдаланбау және өның өнімін ішкі және сыртқы нарықтарға жоғары дайындық деңгейімен шығуды қамтамасыз ететін өңдеудің ақырғы кезеңінің болмауы қазақстандық нарықта мұнай өнімдерінің тапшылығына және қымбаттауына алып келіп отыр. Қазіргі таңда мұнай өндіру көлемінің 20% өңдеуді қамтиды, ал өңдеу көлемі мұнай өңдеу зауыттарында 70%-ға жетпейді, ал әлемдік деңгейде бұл көрсеткіш өз кезегінде 90%-ға жеткен. Сондықтан, мұнай-газ секторының дамуы, болашақта Қазақстан экономикасының өсуін қамтамасыз ететін басым бағыттарының бірі болып қала бермек [2].

Қазақстан экономикасының өсуі мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен әр түрлі бағдарламалар арқылы әрқашанда қолдау табуда, бірақ ішкі экономикалық белсенділікті қамту (жер қойнауын пайдаланушылардан түсетін салықты есептемегенде) көбіне, мұнайды сатудан түсетін қаржыға негізделген. Бүгінде мемлекеттік бюджеттің негізгі бөлігі мұнайды сатудан түскен түсімдерден қалыптасып отыр. Сонымен қатар, жыл сайын отандық бюджетке мұнай экспорты негізінде құрылған Ұлттық қордан кепілді және мақсатты трансферттер түседі [3].

Төменгі суретте 2008 жылдан бастап мемлекеттік бюджетке Ұлттық қордан түсетін трансферттер көлемі арта бастағанын байқаймыз, яғни бұл көрініс экономикалық өсіммен мұнайдың бағасы арасындағы байланыстың күшейгенін білдіреді (сурет 1). 

Cурет 1Мемлекет бюджетіндегі Ұлттық қордан трансферттік түсімдердің үлесі [4]. 

 

1-ші суретте көрсетілгендей бүгінде, мемлекеттік бюджеттің үштен бір бөлігі мұнайды сатудан түскен пайдадан қалыптасады. Соңғы жылдары Қазақстан экономикасының негізгі экспорттық тауары мұнай (барлық экспорттық тауарлардың 60-70%) болғандықтан, ғаламдық мұнай бағасының сыртқы сұранысы мен динамикасына жүйелі түрде тәуелділігі қалыптасты. Ал мұнай бағасы болса өткен жылдарға қарағанда екі есе төмендеп, сонымен қатар тұрақтылығын сақтай алмай отыр.

Осы жағдаймен байланысты, ұлттық шаруашылықтың өнеркәсіптік секторы екінші жыл қатарынан теріс нәтижесін көрсетуде, саланың 2016 жылғы қорытындысын өткен жылмен салыстырғанда 98,9% -ды құрады. Бұл саланың көрсеткіштерінің төмендеуі негізінен тау кенді игеру өнеркәсібі -2,7%-ға төмендеуіне байланысты болып отыр. Сондада, бұл төмен көрсеткіш өңдеу өнеркәсібінің - 0,7%-ға өсуімен байланысты біршама орнын толтырды. Жалпы өнеркәсіп көлеміндегі тау кен өндіру саласының және өңдеу өнеркәсібінің үлестері, сәйкесінше -50,1%; және -41,5%-ды құрайды.

2016 жылы мұнай өндіру 78,0 млн. тоннаға дейін қысқарып, бұл қысқару өткен жылмен салыстырғанда 1,7%-ды құрап отыр. Сонымен қатар, металл кендерін өндіру 4%-ға өсті. Бұл теріс ұдеріс Қашаған кен орны іске қосылуымен тоқтайды және үкімет болжамы бойынша мұнай өндіруді 2017 жылы 79,5 млн тоннаға ұлғайтуға мүмкіндік береді деп күтілуде. Мұнай өндіру шыңы 2013 жылға түсіп тұр, бұл жылы отандық мұнай өнім көлемі 81,8 млн. тоннаны құраған [4].

Мұнайдың қазіргі заманғы халықаралық экономика үшін мәні өте жоғары. Егер кейбір елдер үшін бұл шикізат басымдылықты импорттық тауар, маңызды өндіріс факторы болса, ал басқа елдер үшін ол жоғары экспорттық табыстың көзі болып табылады. Қазақстан Республикасы сол экспорттаушы және әлемдегі аса ірі мұнай өндірушілердің бірі болып табылады.

2014 -2016 жылдары мұнай бағасының төмендеу салдарынан елімізде ЖІӨ-нің өсуі мұнайға әлсіз сұраным пен бағаның төмендеп кетуіне байланысты бәсеңдеді (сурет 2).

                                                                                                                                                          ЖІӨ                                                                                                                                        долл./баррель                                                                                                                                     

 

Сурет 2 – Қазақстан экономикасының мұнай бағасынан тәуелділігі [4]. 

 

Мемлекеттің бюджеттік-салықтық саясаты экономикалық өсуге мұнай бағасы өзгеруінің ықпалын төмендетуге бағыт алды. Соған қарамастан ақшаның айырбас курсын тұрақтандыруды қолдауға іс-шаралар, яғни несие-ақша саясатының қатаңдауы - қаржыландыру құнының өсуіне, несиелеудің өсу қарқынын бәсеңдетуге және ішкі сұраныс деңгейінің төмендеуіне алып келді. Осы жағдай, ұлттық экономиканың өсуі өзінің даму кезеңінде мұнай бағамына өте тәуелді болуын айқын көрсетеді, сондықтан қоғамның, яғни халықтың экономикалық-әлеуметтік жай-күйінің өзі мұнай бағасына байланысы бар екенін де айтуға болады.

Energyprom.kz агенттігінің ақпаратты бойынша Қазақстанда 2016 жылы рекордық көрсеткіш болатын – 46,6 миллиард текше метр газ өндіріліп және сол өндірілген газдың жалпы құны – 175.9 миллиард теңгені құраған. Сонымен қатар, 2016 жылы физикалық мәніндегі газ экспорты –21.6 млрд. текше метр деңгейне жетіп, оны сатудан түскен ақша сомасы – 1.28 миллиард долларға теңелді. Қазақстанда мұнай өндіру 2016 жылы 2015 жылмен салыстырғанда 1,4% - ға қысқарып - 65,577 млн. тонна теңелді. Ал 2015 жылы Қазақстанда мұнай өндіру көлемі 79,4 млн тоннаны құраған (сурет 3).

 

Сурет 3 - Қазақстандағы мұнай және газ өндірісінің көлемі [4]

 

2016 жылы шикізатты өндіру көлемінің төмендеуі басқа да бағыттар бойынша тіркелген. Газ конденсатын өндіру 3,6% - ға (12,464 млн. тн. дейін) және газ тәрізді күйдегі табиғи газ өндіру 0,5% (21,384 млрд.текше метрге дейін) төмендеді, ал ілеспе мұнай газы (ІМГ) керісінше 5% - ға өскенін (24,945 млрд.текше метр дейін) байкаймыз.

Қазақстанда 2016 жылы бұл мұнай өндіру көрсеткішінің төмендеуі бір жағынан макроэкономикалық факторлармен байланысты болса, сонымен қатар, қолда бар инфрақұрылымдардың тозғандығымен негізделген сияқты. Батыс Қазақстанданның кен орындарында мұнай ұңғымаларының (скважина) 50% - дан астамы 20 жылдан ұзақ мерзімде пайдаланылып отыр, сондықтан оларды бүгінде қайта жаңғырту өте қажет болып отыр.

Айта кететін жағдай, Қазақстан ОПЕК шеңберіндегі келісім бойынша мұнай өндіруді бір тәулікте 1,68 млн баррелейге дейін қысқартуды өз міндеттемесіне алды. Сондықтан, 2017 жылдың қаңтарынан бастап мұнай өндіру көлемі бір тәулікте 20 мың баррелейге дейін төмендеді. Мұнай өндіру көлемінің азаюы Қызылорда, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарының мұнай кен орындары бойынша қамтамасыз етілген, ал Қашаған, Тенгіз, Қарашығанақ тәрізді ірі жобаларда мұнай өндіру көлемінің қысқаруы қарастырылмаған [5].

Қазақстанда өндірілетін мұнайдың басты бөлігі (шамамен 85%) экспортқа кетеді. Бұл жерде Қазақстанның шикі мұнай нарығындағы негізгі сыртқы сауда әріптестері ретінде, Европа елдері – Италия, Нидерланд, Франция, Австрия, Швейцария және өзгелері, сондай-ақ Қытай болып саналады [5].

Ал, экспортқа шығатын 80-85%-дан қалған мұнай бөлігі, ішкі нарықта сатылады – мұнай өңдеу зауттарында одан әрі қайта өңделіп, ішкі нарық қажеттілігін қанағаттандыру үшін. Соңғы екі жылда мұнай экспорты көлемінің төмендеуімен қатар ішкі нарықтағы тұтынуға бағытталған мұнай көлемінің өскенін байқалады. 2016 жылы елдегі өндірілген мұнай өнімдерінінің орташа есеппен алғанда 30%-зы осы ішкі нарыққа бағытталды.

Бірақ бүгінде, мемлетт үшін мұнайды экспортқа шығару ішкі нарықта шикі мұнайды сатуға қарағанда едәуір тиімді болып отыр. Ішкі нарықтағы мұнайдың сатылуы төмендетілген баға бойынша жүргізіледі және ол мәжбүрлі сипатта іске асады десек, артық болмас.

Осыған орай, мемлекет деңгейінде ұлттық экономикада шикізаттық бағыттың басым болуы және экономикада көптеген себептермен жалпы экономикалық үйлеспеушілік орын алуымен байланысты, Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2010 - 2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама қабылданған болатын [6].

Осы бағдарлама шеңберінде экономиканың шикізаттық бағытталуын біртіндеп еңсеру бойынша мақсаттар қойылған, атап айтқанда жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) құрамындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесін 12,5%-ға дейін арттыру және экспорттың жалпы көлеміндегі шикізаттық емес экспорт көлемінің үлесін 40%-дан кем емес деңгейге жеткізу, сондай-ақ, өңдеуші өнеркәсіптің жиынтық өндірісі көлеміндегі шикізаттық емес экспорт көлемін 43% - ға дейін ұлғайту.

Бірақ, 2016 жылғы макродеңгейлік көрсеткіштер бойынша ЖІӨ құрамындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі-10,1%-ды, ал жалпы экспорт құрамының 60%- н минералды отындар, мұнай және одан алынған өнімдер құрады.

2014 жылдың маусым айында Қазақстан Республикасының отын-энергетикалық кешенін дамытудың 2030 жылға дейiнгi тұжырымдамасы және қабылданды. Республикасының отын-энергетикалық кешенінің ұзақ мерзімді даму басымдықтарынын қатарында: мұнай өңдеуде, электроэнергияны, жылуды жеткізуде және өндіруді жеделтету удерісіне жаңа активтерді қосу және модернизациялау; энергия және отынның ішкі нарығын дамыту; дәйекті ырықтандыру және бәсекелестікті дамыту; инвестицияларды тарту жолымен геологиялық барлау қызметін жеделдету; өнеркәсіптік және көліктік қызметтерді модернизациялау; қуат көздерінің тиімділігін арттыру және қоршаған ортаға теріс әсерді азайту үшін қазіргі заманғы технологияларды пайдалану [7].

Жоғарыда аталғандарды нәтижелей келе, айтарымыз – мемлекет деңгейінен ұлттық экономиканы, соның ішінде барлық салаларды жан жақты дамытуға қатысты біршама жұмыстар жасалуда. Дегенмен, ұлттық экономика әлі де болса көмірсутегінің экспортына тәуелді, өйткені мемлекеттік бюджеттегі мұнайды өндіру мен сатудан түсетін әр түрлі табыстың үлесі 44-46% бағаланады, яғни, қоғам дамуының болашағы әзірге – мұнай бағасымен тікелей байланысты болып отыр.

Әдебиет

1.     «» ҰК»АҚ есептері. ://www.kmg..

  1. «Нефтегазовый сектор Республики Казахстан». Отчет Рейтингового агентства «РФЦА», Алматы, 2016г., //www. rfca.kz.
  2. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2016-2018 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы. Қазақстан Республикасының Заңы 2015 жылғы 30 қарашадағы № 427-V ҚРЗ.
  3. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің ресми сайты   www.stat.gov.kz/ www.energyprom.kz/
  4. «Обзор нефтегазовой отрасли РК». Рейтингового агентства «РФЦА», Алматы, 2016г., //www. rfca.kz.
  5. Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2010 - 2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама. Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 19 наурыздағы № 958 Жарлығы.
  6. Қазақстан Республикасының отын-энергетикалық кешенін дамытудың 2030 жылға дейiнгi тұжырымдамасын бекiту туралы. Қазақстан. Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 28 маусымдағы № 724 қаулысы.

Партнеры G Global