Международный секретариат G-Global г.Нур-Султан, ул.Темирказык, 65, офис 116 тел.: 7(7172) 278903

Айтқұл Құндыз Қанатқызы – Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің 4 курс студенті, Шымкент қ.
Ғылыми жетекшісі – г.ғ.к., доцент м.а. Тажекова Ақмарал Жақсыбекқызы

Аннотация
Бұл мақалада физикалық география сабақтарында ұғымдарды қалыптастыру және тиімді пайдалану жолдары қарастырылған.
В данной статье рассматриваются особенности формирования понятий на уроках физической географии и пути их эффективного использования.

Бүгінгі таңда Елбасы «Қазақстан-2050» жолдауында атап айтқанындай: «Отандық білім беру жүйесіне инновациялық әдістерді, шешімдерді және құралдарды қарқынды енгізуге тиіспіз» [1].
Қазіргі оқытудың инновациялық технологиясы туралы көптеген мәліметтерді талдау барысында мынандай міндеттерді алға қойдық:
1. Жалпы ұғым және оның оқыту үдерісіндегі маңызына баға беру;
2. Инновациялық оқыту технологиясы негізінде физикалық-географиялық ұғымдарды оқытудың үздіксіз географиялық білім беру аясында мазмұндық-құрылымдық моделін жасау;
3. Физикалық-географиялық ұғымдарды оқытудың география сабағында және сыныптан тыс жұмыстарда пайдаланудың тиімділігін көрсету.
География сабақтарында және сыныптан тыс жұмыстарда физикалық-географиялық ұғымдарды оқытудың педагогикалық маңызы қоғам талабына сай зерттелді.
- оқушыларға география сабағында білім мен білікті қалыптастыру үшін физикалық-географиялық ұғымдарды оқытудың ұсынылған түрлерін қолданудың тиімділігі анықталды;
- физикалық-географиялық ұғымдарды оқыту технологиясы кешендерінде тиімді пайдалану оқушылардың танымдық қабілетін арттырады;
- бұл өз кезегінде оқушыларды деңгейлеп, саралап оқыту технологиясына негіз болып, оқушылардың алған білім мен тәрбие деңгейін тексеруге мүмкіндік береді.
Ұғым — объективті нағыздық нәрселерін және олардың қасиеттерін көрсететін абстрактілі ойлау формаларының бірі. Ұғым туралы мәселені талдауды «белгі» ұғымын қарастырудан бастайық. Белгілер дегеніміз — заттардың бір-біріне ұқсастықтары немесе айырмашылықтары. Демек, олардың қасиеттері мен арақатынастары да белгілерге жатады деген сөз. Бір затта екінші бір зат иеленген қасиеттердің жоқ болуы да белгіге жатады (мысалы, жолаушының біреуінде жол билеті болса, екіншісінде ол билеттің болмауы) [2].
Ұғым көптеген біртекті заттарды олардың мәнді белгілері негізінде саралаудың нәтижесі ретінде көрініс береді. Солай болғанда, ұғым дегеніміз—заттарды олардың мәнді белгілерімен бейнелейтін ойлау формасы.
Сонымен, ұғым - философиялық өлшем, логикалық таным деңгейі ретінде өз белгісі бар тұрақты құбылыс. Ал әр түрлі ғылымдардың өз өлшемдері болғандықтан, түсінікке өз мәртебелерін береді: географиялық, биологиялық, медициналық, тарихи, т.с.с. Мысалы, бір ғана «Минералдар, тау жыныстары, пайдалы қазбалар топтамаларын ажырата алуы» талабында өте көптеген ұғымдар мен терминдер кездеседі. Оның көп бөлігін түсіндіруде оқытудың бірнеше қажетті көрнекілік, жаңаны тану ретінде де, ой немесе әңгімені елестету үшін де, аңғарымдылығын дамыту үшін де, материалды есте сақтау үшін де қолданылады. Көрнекілік құралдар оқу үрдісінің барлық кезеңдерінде қолданылады: жаңа білімді хабарлаған кезде, кейде мұғалім жаңа білімді хабарлауы, орнына (мысалы, кинофильмді көрсету, тәжірибе жасау); білімді орнықтыру және іскерлік пен дағдыны қалыптастыру кезінде үйге берілген тапсырмаларды орындаған кезде сызбаларды сызу, кестелерді жасау, суреттемелерді орындау және т.б; меңгеруді бақылаған кезде (мысалы, карта, кесте бойынша айтып беру, аспаптар құрылысын түсіндіру). Көрнекілік оқушылардың жас ерекшелігін ескере отырып пайдаланылады.
Ұғым көлемі сол ұғым туралы ойға оралатын заттардың жиынтығы болып табылады. Мысалы, «кітап» ұғымының көлемі деп біз бұрын болған, қазір де бар және келешекте жазылатын кітаптардың бәрін айтамыз. Мазмұн мен көлем ұғымдары бір-бірімен байланысты. Ұғым мазмұнының артуы көлемді ұғымның түзілуіне алып келсе, керісінше, тұжырымдалатын мазмұнның кемуі көлемнің артуына әкеледі. Бұл байланыс ұғым мазмұны мен көлемі арасындағы кері қатынас заңының көмегімен көрініс береді. Демек, «үстел» деген ұғымның мазмұнын «жазатын» деген белгімен арттырсақ, «жазу үстелі» деген кіші көлемді ұғым аламыз. Ал «федеративті мемлекет» деген ұғымның «федеративті» белгісін алып тастасақ, «мемлекет» деген көлемді ұғымға жолығамыз.
География – біртұтас ғылымдар жүйесі. Оның негізгі салалары мектептегі географияда көрініс тапқан (геологиялық-геоморфологиялық, климаттық, гидрологиялық, топографиялық-картографиялық, т.б.) білімдер жүйесі – мектеп бағдарламасында белгіленген арнайы біртұтас ғылыми білім ретіндегі өзара байланысқан көптеген элементтерден (түсініктер, ұғымдар, заңдылықтар, фактілер) тұрады. Сонымен қатар, берілетін физикалық географиялық ұғым әр түрлі заттардың жеке қасиеттеріне байланысты қаралады.
Географиялық білім жүйесі әр сыныпта жалғаса отырып, біртіндеп кеңейеді және мазмұны жағынан тереңдейді. Жоғарғы сыныптарда география тұтас курс ретінде оқытыла отырып, оқушылардың санасында географиялық білім жүйесінің қалыптасуына жағдай жасаса, ұғымдық білімдер осы пәнді оқытудың ғылыми мазмұнының негізін құрайды. Әр сынып сайын географиялық білім мазмұны мен ұғымдар тереңдеп, оның көлемі кеңейеді.
Бастапқы ұғымдар және оларды қалыптастыру туралы зерттегенде ұғым қарастырылған нысандар мен құбылыстардан біршама алшақтағанын байқатады. Көбінесе, бұл практикада жиі кездеседі. Мәселен, 5-7 сынып оқушылары ойпат жерден, жазықтық пен таудың айырмасын жақсы түсінуін, жоғарғы деңгейде ұйымдастыру үшін олардың ойпатты жерді білуі керек, оны өмір тәжірибесінде кездестіруге тиіс. Сонда ғана олар салыстыра отырып ұғынады. Қоршаған ортадағы әр түрлі объектілер мен құбылыстардың өзара байланыстары (түпнұсқа) туралы білімдер яғни, ұғымдар жиынтығы оқушылардың осы нысандар (объектілер) мен құбылыстар туралы алғашқы ұғымдарынан туындап, біртіндеп кеңейте отырып қалыптасады. Егер осы үрдіске баланың түпнұсқаны қалай елестететіндігін, бастапқы дерексіздікте сезімдік бейне қандай құндылыққа ие болатындығын ескеретін болсақ, онда төменгі сынып оқушысының ұғымды саналы меңгеру сапасы мен оның даму деңгейі көтеріледі.
Ұғым беру кезінде мұғалім мен оқушының оқу және оқыту әрекеттері үндестік тауып, бір мақсатқа орай бірін бірі толықтырып, сол мақсатты жүзеге асыруға бағытталады. Осы үндестіктер болғанда ғана кез келген ұғымды саналы, нәтижелі меңгерту ісі қамтамасыз етіледі.
Мектепте география курсындағы ұғымдық бiртектi түсiнiктi 4 негiзгi топқа бөліп үйреткен тиімді деп отырмыз. Олар:
1. 5-6 сыныптардағы физикалық географиялық нысандар мен құбылыстар жайындағы жалпы түсiнiктер. Мысалы: ғалам, ғаламшарлар, Күн жүйесі, өзендер, рельеф, ауа-райы, климат т.б;
2. 7-сыныптағы материктер, дүние бөлiгi, табиғи облыстар мен оның бөлiктерi жайындағы ұғымдық түсiнiктер;
3. 8-сыныптағы физикалық географиялық нысандар туралы ұғымдық түсініктер;
4. 10-сыныптағы табиғи ортаның күрделі дамуы. Мысалы: табиғаттағы заттардың айналымы, географиялық қабықтың тұтастығы мен бiрлiгi, географиялық зоналылық, ландшафт және т.б. [3].
Физикалық географиялық ұғымдар жүйесін топтау кейбір ұғымдарды меңгертуде теориялық білімге негіздеп, оны сөз арқылы талдау, жинақтау, түсіндіру, баяндау басым болса, кейбір ұғымдарды қалыптастыруда сарамандық, жаттығу, тәжірибе жасау және бақылау әдістері басым болатыны белгілі. Ұғым қалыптастыруды дұрыс жүзеге асыру үшін мұғалімнің қалыптасу кезеңін және дамытудың барысын біліп отыруы негізгі шарттардың бірі. Ұғым қалыптастыру бірден көзге түсе қоятын үрдіс емес. Төменгі сынып оқушыларында бұл өте күрделі жұмыстар жүргізуді қажет етеді. Біріншіден, 5 -7 сынып оқушыларының есте сақтау көлемі тар, екіншіден, олар көріп, байқап, салыстыру арқылы ғана нақты түсінікке ие бола алады. Ал осы түсініктері болашақта дерексіздендіру негізінде ұғымға айналып, абстрактілі оймен жалғасады. Әсіресе мектеп 5 – 7 сыныптар жасындағы оқушыларда олардың зейіні, ойы, бір затты талдау үстіндегі танымдық іс-әрекеттері қатар жүре отырып және сол іс-әрекетте өздігінен белсенділік көрсету арқылы ғана жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады. Талдау кезінде оқушылардың басқа пәннен алған ұғымдарымен байланыстыру ғана емес, кіріктіру басым орын алуға тиісті. Мәселен, жыл мезгілдерінің табиғаты туралы олардың ауа райындағы, жалпы табиғаттың өзгерісіндегі ерекшеліктерді талдау барысында оқушылардың ана тілінен жыл мезгілдерін суреттейтін көркем шығармалардан алған ұғымдарын міндетті түрде кіріктіру арқылы әр жыл мезгілінің ең басты көрінісін оқушының есінде мәңгі қалдыруға болады [4].
Қазақстандағы география ғылымының атқаратын міндеті мен мақсатын нақты түсіндірмей, жерін тек қана атау ретінде (тау, қырат, үстірт, жазықтық, өзен, көл, кұм, шөл т.б.) қарастыру ғылымның өрісін шектейді. Сондай көзқарастың кең тарауынан байтақ қазақ жері таби¬ғатының даму заңдылығын, оның қалып¬тасу еркшеліктерін көптеген ғалым¬дар елемей жүр. Тіршілік үшін белгілі бір географиялық орта керек. Ол географиялық ортаға өзіне тән қалып¬тасқан ауа-райы құбылысының өзгеруі, жыл мезгілінің ауысуы, күн сәулесінің таралу заңдылығы, тіршіліктің өсуі мен дамуы тәуелді. Олардың белгілі бір гео¬графиялық заңдылыққа бағынуы, темпе-ратураның таралу заңдылығы ба¬тыстан шығысқа, солтүстіктен оңтүстікке қарай өзгеруі кез келген жердің алып жатқан географиялық орнына байла-нысты табиғатта үздіксіз жүріп жатады.
Сондықтан географиялық ұғымдарды оқыту және оны оқушы санасына енгіздіру жоғарыда аталған мәселелердің шешудің кешендік сипатының құрамдас бөлігі болады. Біз тек ғана физикалық географиялық ұғымдар мен құбылыстарға ғана түсініктеме беріп қалмай, cондай-ақ қазіргі жылдам өзгерушең қоғамдағы адамзатты толғандырып жүрген мәселелер мен мәнді оқиғаларға кең ауқымды жауап беруге әрекеттендік. Күрделі ұғымдарды түсіндіруді жеңілдету мақсатында графикалық сызбалар мен кестелерді беру қажет.
Баса назар аударуға тұратын мәселе – пәнаралық байланыссыз географиялық түсініктемелерге сипаттама беру қиынның қиыны. Сол себепті тарих, физика, химия, геология, биология сияқты өзге пәндердің дәлелдемелері де келтірілуі тиіс.
Халықаралық атаулар мен ұғымдарға қажетті жерінде ұлтымыздың этнографиялық және этнопедагогикалық мұраларынан баламасын тауып, халықтық мұраға сүйенген жөн. Бұл талпыныс біздіңше, еңбектің сапасына нұқсан келтірмей, түсінікті жеңілдетіп, одан көре ұмыт бола жаздаған төл тілімізді байыта түседі.
Физикалық географиялық ұғымдардың жаңаша да, көне атаулары мен тарихына сипаттама берілгені дұрыс. Бұл өз кезегінде оқушының тарихи географиялық білімін дамытады.
Қорыта айтқанда, қазіргі заман ғылымының соңғы жетістіктеріне сүйене отырып, біз мына мәселелерге баса назар аудардық:
1. Ғылым дамыған сайын атаулар мен ұғымдар көбейе түседі, сондықтан оларға қысқа нұсқа, анық анықтама беру тиімді;
2. Білім-ғылым, техника, өндірістің өркендеуімен қатар күрделі халықаралық атаулар да молайды, сол себепті негізгі бағытты осы атаулар мен ұғымдарға бұру;
3. Ауыл баласының мүддесі ескеріліп, еліміздегі ауылдық елді мекендерде кітапхана, жеке кітапхана, интернет, білікті мұғалім және білімді ата-ана мәселесі күрделі болып келеді. Сондықтан мектеп оқулықтарындағы ғылыми атаулар мен ұғымдарға терең түсініктемелік анықтама табу;
4. Шетелдік атаулар мен ұғымдар есебіне өз тіліміз байып отырады. Бірақ өз тіліміздің ыңғайы мен қазақ тілінің фонетика заңдарына орай оларды өзгертіп, ұғынуға қолайлы ету;
5. Қазақ атам: «жүз айтқаннан бір көрген артық» - дегеніндей, басымдылықты көрнекілікке беру.

Әдебиеттер:
1 Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ// Егемен Қазақстан. 18 қаңтар 2014.
2 «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия. /Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы, «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998.
3 Кенжебаева Р.Н. Географияны оқыту әдістемесі. – Ш., 2007.
4 Альдибеков Ш.Н. Бастауыш сынып оқушыларының дүниетану пәнінен географиялық және химиялық ұғымдарын қалыптастыру әдістемесі: пед.ғыл. канд. ... автореф. – А., 1997.

 

Партнеры G Global