Международный секретариат G-Global г.Нур-Султан, ул.Темирказык, 65, офис 116 тел.: 7(7172) 278903

Пазылова А.С. ОҚМПУ, Шымкент қ., Қазақстан Синтаксистің үлкен бір саласы-сөз тіркестері, оның ішінде түйдекті тіркестер сөз тіркесін жасауда үлкен рөл атқаратын лексика-грамматикалық топ болып сөз тіркесінің бір сыңары қызметінде жұмсалатын сөздер. Орыс тіл білімінде бұл тіркескен сөздер тобын зерттеуші ғалымдар «сложные слова», «фразеологические выражения», «собственно устойчивые сочетания», «несвободные сочетания», «устойчивые сочетания», «лексически ограниченные словосочетания» деп әр түрлі атап, әрқайсысы өз тұрғысынан дәлелдеді. Н.М.Шанский фразеологиялық оралымға жататын тілдік тұлғалардың аясын кенейте түсіп, оған «қасқырдан қорыққан орманға бармас, темір жол, жоғары оқу орны» дегендерді енгізіп, бұларды фразеологиялық сөйлемше деп атаса [1,201], тіркесіп қолданылатын сөздердің кейбір тобын, мысалы, железная дорога дегенді А.В.Щерба күрделі сөздердің қатарына жатқызса [2,16], ал В.В.Виноградов және т.б. ғалымдар тұрақты сөз тіркесі деп санайды [2,62]. Н.З.Котелова сөздердің бір-бірімен тіркесу заңдылықтарын арнайы зерттей келе мұндай сөздердің тіркесуі туралы: «...сочетания оцениваются как устойчивые, несвободные и т.д. под влиянием логико-предметных отношений»,- деп көрсетеді. Ол мұндай тіркеске творительный падеж дегенді мысалға келтіре отырып: «... мы имеем действительно языковую единичную сочетаемость и несвободные сочетания»,- деп тұжырымдайды [3,62]. Профессор М.Балақаев сөз тіркесі туралы еңбегінде таза номинативті қызмет атқаратын тіркестерді сөз тіркесі қатарында қарауға болмайтындығын дұрыс көрсеткен болатын. Ғалым: «Алдымен сөз тіркестерін түгелдей номинативті (атауыш) деп қарау дұрыс емес. Ондай сөз тіркестері тек олардың жұмсалу орайында атқаратын қызметі тұрғысынан номинативті деп тануға болатындары бар. Мысалы, сөз тіркесі құрылымында пайда болған терминдік тұрақты атаулар: қант қызылшасы, қызыл бұрыш, темір жол, мал дәрігері, т.б.»,- деп мұндай тіркестерді номинативті сөз тіркестері деп атайды [4, 31]. Бұл пікірді С.Исаев та қолдай отырып, атаулық тіркестердің тілдік табиғаты жөнінде: «... атаулық тіркестердің орын тәртібі де тұрақты болады. Мұндай лексикалық орамдардың құрылысы да, құрамы да біршама тұрақталған болып келеді. Олар бір-бірімен тығыз байланысты белгілі бір тәртіппен құралған сөздерден тұрады. Құрамындағы сөздер қалай болса солай ауыса бермейді»,-деп белгілейді [5,67]. Сонымен, жоғарыда аталған тілдік тұлғалар зат не құбылыстың атауы ретінде номинативті қызмет атқарады. Тілде атаулық қызмет атқаратын тіркестердің ішінде жасалуы жағынан өзіндік заңдылығы бар тілдік топтар кездеседі, яғни белгілі бір ұғым төңірегінде бір сөздің бірнеше сөзбен ғана шектеліп тіркесіп, ұғым жағынан өзіндік заңдылығы бар тілдік топтар кездеседі, яғни белгілі бір ұғым төңірегінде бір сөздің бірнеше сөзбен ғана шектеліп тіркесіп, ұғым жағынан өзара байланысты топтар құрауы. Сөз тіркесінің құрамында екі компонент болады: бірі — басыңқы бөлігі сөз тіркесін құраудың бас арқауы, екіншісі — бағыныңқы бөлігі сөз тіркесінің желісі, оның басыңқымен сабақтасқан бөлігі. Сөз тіркесіне берген анықтамамызда оның кемінде толық мағыналы екі сөзден құралатыны айтылды. Сөздер сөз тіркесінің құрамына енгенде, жаңа лексикалық мағына тумайды, қосымша грамматикалық мағына пайда болады. Сондай қатынас қосымша грамматикалық мағына, толық мағыналы сөздердің ғана тіркесінде пайда болуы мүмкін. Сондықтан сөз тіркесінің құрамында толық мағыналы сөздер болуын сөз тіркестерін құраудың басты шарты деп қараймыз. Анықтамадағы «кемінде...» деген сөзден сөз тіркесінің құрамы екіден артық та болатыны аңғарылады. Рас, оның құрамында бірнеше сөз болуы ықтимал. Ондай көп құрамды сөз тіркесін к ү р д е л і сөз тіркесі дейміз. Күрделі сөз тіркесінің құрамында, әдетте, түйдекті тіркес болады. Түйдекті тіркестер былай бөлінеді: 1. Л е к с и к а л ы қ. Екі не одан да көп сөз тіркесі бір заттың не оның сапасының атауы болса, оны лексикалық тіркес дейміз. Мысалы: мысық құйрық (шөп), қара көк (сын); Арал теңізі; Оқу министрлігі, зар илеу, үрейі ұшу, дедек қағу, қырғи қабақ болу (тұрақты тіркестер). Бұлар — сөздердің тіркескен топтары, бірақ сөз тіркестері емес, лексикалық түйдекті тіркестер. Олар сол түйдегімен сөз тіркесінің бір сыңары болады. 2. Грамматикалық. Екі не одан да көп сөздер тіркесу арқылы сөздердің бұрынғы грамматикалық мағыналары түрленуі мүмкін, Ол үшін толық мағыналы сөздердің шылауында көмекші сөздер айтылады, мыс.: жаза бастады, оқып кетіп бара жатыр еді, шапқан сайын,қалаға дейін, Отан үшін. Бұлар да — сөздердің тіркескен топтары, бірақ сөз тіркестері емес, түйдекті тіркестер. Түйдекті тіркестер синтаксистік қарым-қатынасты білдіре алмайтындықтан, сол тіркескен тобымен сөз тіркесінің бір сыңары (кейде екі сыңарының да) қызметінде айтылады. Мысалы, Менің артымда қалып бара жатқан үш балама бір тоқымдай жерді берсін. Бір шоқ аршаның түбінде қызыл құмырсқаның илеуі бар. Жирендердің тағалары тасқа сақылдап тиген сайын шашырап от шығады. Жылқышы құстың ысқырып қалғаны, үкінің уһілегені, көлбақалардың кенет оянып кетіп байбалам салғаны адамның төбе шашын тік тұрғызғандай еді. Осы мысалдардан түйдекті тіркестердің қатарын көреміз. Бірқатар лексикалық тіркестер құрамы еркін болмай, тиянақты, берік болады, мыс.: жүрегі шайылу, қаһарын төгу, көз қырын салу, қабырғасымен кеңесу, жар құлағы жастыққа тимеу. Синтаксистік қарым-қатынасты білдіру үшін сөздер синтаксистік топ болып ұйысу арқылы сөйлем құрамына енетін болады. Синтаксистік топтар сөздердің тіркесу қабілеттілігіне негізделіп жасалады. Ал сөздердің тіркесу қабілеттілігі — сөз таптарының мағыналық және синтаксистік байланыстарына, олардың грамматикалық ерекшеліктеріне негізделетін құбылыс. Сөздердің бір-бірімен тіркесуінен құрылымы және сапасы жағынан әр текті синтаксистік топтар жасалады. Сөз тіркесінің «құрамы» мен «құрылысы» дегеннің мәні бір емес: «құрамы» дегенді айтқанда, олардың бағыныңқы, басыңқы сыңарларының қандай-қандай сөз таптарынан жасалғанын ескереміз; «құрылысы» дегенде, олардың орын тәртібі, сыртқы тұлғалық ерекшеліктерін ескереміз. Сөз тіркесінің қазіргі жүйесі—тілдің ғасырлар бойы дамып жетілуінің жемісі. Ол тіліміздің даму барысында сөз қолданыс тарихымен байланысты қалыптасқан, Лексикалық құрам байып, синтаксистік құрылыс жетілген сайын сөздердің тіркесу қабілеті де арта түседі. Тіркес құрауға сөз неғүрлым көп қатынасса, оның әлеуметтік мәні де соғұрлым арта түседі. Сөз тіркесі құрылымының негізгі ерекшелігі мынада: сөз тіркесінің қаңқасы - сөз. Сөздер тіркесінің құрамына енгенде, олар оның не бағыныңқы, не басыңқы сыңары қызметіңде жұмсалады. Бұлардың ара-қатынасы әр түрлі. Ол белгілі ұғымды білдіретін сол тіркестегі сөздердің мағыналық ерекшеліктерінен келіп шығады. Қазақ тілінде сөз тіркесінің басыңқы сыңары әр түрлі тұлғада айтылады. Бірақ оның грамматикалық тұлғасы үнемі басты құрылымдық элемент бола бермейді. Бұл заңды да, өйткені бір сөйлем ішінде бір сөз қатарынан бірнеше сөз тіркесінің құрамына еніп, олардың бірінде басыңқы, екіншісінде бағыныңқы сыңар қызметін атқаруы ықтимал. Терминология саласында түйдекті тіркес кұру аркылы калыптаскан терминдер де кездеседі. Мысалы, билік шегінен шығу, шараларды қолға алу, шара қолдануға мәжбүрлеу, мәселені назарға алу, мүгедектігіне байланысты зейнеткерлікке шығу, кәмелеттік жасқа толмағандар, құпиялықты қамтамасыз ету, шешуші дауыс жинау, құжат күшін жою, белгіленген өкілеттікті тоқтату, қадағаланатын мәселер бөлімі т.б. Тіркесті термин сыңарлары кез келген сөзбен тіркеспейді, арнайы бірнеше сөзбен ғана тіркеседі. Әдебиеттер 1. Шанский Н.М. Лексикология современного русского языка. –Москва, 1964. 2. Грамматика русского языка. –Москва,1953. 3. Котелова Н.З. Значение слова и его сочетаемость. –Ленинград, 1975. 4. Балақаев М., Сайрамбаев Т. Қазіргі қазақ тілі. –Алматы,1997. 5. Исаев С. Қазақ әдеби тілінің совет дәуірінде дамуы. –Алматы, 1973. 6. Әмір Р., Әмірова Ж. Жай сөйлем синтаксисі. –Алматы, 2003

Партнеры G Global