Международный секретариат G-Global г.Нур-Султан, ул.Темирказык, 65, офис 116 тел.: 7(7172) 278903

ӘӨЖ 811.512.122 БІР МЕЗГІЛДЕС ЖӘНЕ ӘР МЕЗГІЛДЕС САБАҚТАС ҚҰРМАЛАСТЫҢ МЕЗГІЛДІК ЖАҒЫНАН ӨЗАРА ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТАРЫ ПАЗЫЛОВА А.С. Мақалада құрмалас сөйлем құрамындағы бағыныңқы сыңар басыңқы сыңармен әрдайымсинтаксистік байланыста айтылып, сабақтас құрмалас сөйлемнің сыңарлары арасында болатын мезгілдік қатынастардың бірдей болмайтындығы сөз болады. Бір сөйлемдердің бағыныңқы және басыңқы сыңарларындағы хабарланған оқиғаның орындалу барысы бір мезгіл шеңберінде өтіп жатса, енді біреулерінде, керісінше, әр мезгіл шеңберінде орындалатынына талдау жасалады. Олардың арасындағы мезгілдік қатынастың әр түрлі болып келуіне оны құрмаластырушы тәсілдердің айтарлықтай әсері болатыны мысалдар арқылы дәлелденіп көрсетіледі. Кілт сөздер: сабақтас, мезгіл бағыныңқы сабақтас, бір мезгілдес, әр мезгілдес, бағыныңқы сыңар, басыңқы сыңар «Сабақтас құрмалас сөйлемдегі аумақты да күрделі мәселенің бірі – оның бағыныңқы түрлерін өзара саралау мәселелері. Өйткені бұл жайт тіл-тілдердің қай-қайсысында болмасын зерттеушілер назарын әрдайым өзіне аударып отырды. Дүниедегі заттар мен құбылыстардың қимыл-әрекеті белгілі бір уақыт мерзімінде болып жатады. Уақыт – өмірде болып жататын оқиғаларға тән заңдылық. Өйткені уақыттан тысқары мезгілсіз ешбір оқиғалардың орындалуы да мүмкін емес. Алайда осындай үдерістердің біздің санамыз бен түйсігімізге тәуелсіз, өз беттерімен орындалып жататындығын ескерте кеткен жөн. Мұның өзі мезгілдік ұғымның мөлшері «біреудің тарапынан» айқындалмайтынын аңғартса керек . Мезгілдік ұғым белгілі бір іс-әрекет, объектімен тығыз байланысты. Сондықтан да ол – өмірде үзбей болып тұратын заңды да табиғи үдеріс». [1, 715]. «Мезгіл бағыныңқы сөйлемдерде сабақтасқан екі сөйлемнің бағыныңқысы басыңқыдағы істің орындалу мезгілін көрсетіп тұрады. Сондықтан мезгіл бағыныңқылы сөйлемдердегі шақтық локалдылық ұғымын толық ашып көрсетуге болады. Мезгіл бағыныңқылы сөйлемдер темпоралды көрсеткіштердің қатысуымен ШЛ ұғымын білдіреді. Бұл жерде темпоралды көрсеткіштер темпоралды шақтық ұғым таксиспен біріге отырып, шақтық (мезгілдік) қызмет атқарады. Темпоралды шақтық ұғым мезгіл пысықтауыштармен беріледі: кеше, былтыр жазда, келесі қыс мезгілінде т.б.» [1, 714]. Біздің мақсатымыз – мезгіл бағыныңқылы сөйлемдерді шақтық локалдылық ұғымын білдіретін лексика-грамматикалық тәсілдердің бірі ретінде қарастыру . Талдауға түскен тілдік материалдар М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясынан (Алматы: Жазушы баспасы, 1990) алынды. «Жасалу жолы жағынан сабақтастардың ішіндегі ең күрделісі де – мезгіл бағыныңқы» [2, 71]. Бұл жөнінде ғалым Т.Қордабаев: «Қазіргі қолданылып жүрген «мезгіл бағыныңқы сабақтас» деген атау алғаш рет 1939 жылы жарияланған оқулықта «мезгілді сабақтас» деп аталды да, келе-келе «мезгіл бағыныңқылы сабақтас сөйлем» болып өзгертіліп қолданылады, қазірде әбден айқындалып болған жасалу тәсілдерінің қалыптасуы да атауы сияқты бірте-бірте келіп орнықты»,-деп көрсетеді [3, 126]. Сабақтас сөйлемдердің арасындағы мезгілдік қатынастың әр түрлі болып келуіне оны құрмаластырушы тәсілдердің айтарлықтай әсері болады. Мәселен, — ған кезде (ғанда) тәсілімен сабақтасқан мезгіл бағыныңқы сабақтастардағы мезгілдік қатынас -ған соң тәсілімен сабақтасқан мезгіл бағыныңқы сабақтастардағы мезгілдік қатынасқа қарағанда өзгешелеу болады. Мысалы: Осы шақта ғана Абайлар тасырлата басқан қатты жүріспен кішкене тастақ төбеге шыға бергенде, алдарынан ит үрді (1-кітап, 303-бет). Жастар жиыны тарқаған кезде, Абай Шүкіманға қайта-қайта бір сөзбен алғыс айта берді (1-кітап, 311-бет). Құнанбай Мекеден қайтқан соң, әсіресе оның құлағына әлдебір келіні әншілік, серілік білдірмесін (1-кітап, 381-бет). «Кезде, соң септеулік шылауы есімшеге тіркесіп, оқиғаның соңынан болатын мезгілдік мағынаны білдіріп тұр. Сабақтас сөйлемдердегі оқиғаның бір мезгілде және әр мезгілде өтуін көрсетіп, сондай мағынаны берудің негізгі тәсілі болып тұр» [«Қазақ грамматикасы», Нур-Султан, 2002, 701-бет]. Енді Абай жайын ойлай келгенде, Ұлжан өз тыныштығын қойды да, арбаға әжесінің қасына Абайды мінгізетін болды. Қимыл әрекет белгілі бір ұзаққа созылатындығын байқаймыз, ол ұзақтықты басыңқы сыңардағы мезгіл мәнді үстеу көрсетіп тұр. Бұл мезгіл бағыныңқылы сөйлем локалдылықтың белгілі бір кезеңге тәуелділігін көрсетіп тұрған жоқ, өткен шақтың белгісіз беймәлім мезгіл бөлігіне тәуелді екендігін аңғартады. Енді бір сөйлемдерде бағыныңқыдағы да, басыңқыдағы да іс-әрекет белгілі бір кезеңге локалды түрде жұмсалады. Мәселен, Бүгін сол елдің бәрі де киіз үйлерін жығып, жылы үйлеріне қауырт кіріп жатқан. Бүгін – мезгіл пысықтауышы іс- әрекеттің ертең емес дәл бүгін болатынын анық көрсетіп тұр. Базаралы үш күндей осында болып, Жігітектің, Бөкеншінің, Көтібақ, Мамайдың, Көкшенің жатақ үйлерінің бәріне кіріп, жай-күйлерін біліп шығыпты (М.Әуезов «Абай жолы», 1-кітап, 390-бет). Абай Ақбаспен амандасып отыра беріп, үлкен бөлменің ішіндегі кітаптарға қарады (1-кітап, 276-бет). Іс-әрекет бірінен кейін бірі ілесе орын алуын аңғарамыз. Дәл сол кезде Дәркембай танымайтын үш жас атшабар тасырлатып үй сыртына шауып келіп, «Дәркембай, қайдасың, шық!» деп айғайлапты (1-кітап, 391-бет). Таңертең жаманат біліне салысымен, Бөкеншінің шапқылай жиналысып, әбігерге түскенін сыбайлас Жігітек күні бойы естіп, біліп отырған-ды (1 -кітап, 351-бет). Бірінен кейін бірі өтіп жатқан іс-әрекетті бір мезгілде (жаманат біліне салысымен) бір уақыт бойында жүзеге асырып жатқан нақты атқарушыны байқаймыз. Ол Оралбай ісі Бөкеншіге мәлім болысымен-ақ, ат үстінен түскен жоқ (1-кітап, 353-бет). Бұл сөйлемнен ұзақ белгілі бір уақытқа созылған іс-қимылдарды көруге болады ( мәлім болысымен-ақ сияқты мезгілдік ұғым беріп тұрған сөз бен сөз тіркестері қимылдың созылатындығын байқатады). Бұл жерде созылыңқылықты білдіріп тұрған лексема бағыныңқыдағы іс-әрекеттің толығымен ұзақ мерзімде іске асатындығын білдіреді. Абай тақап келісімен, үй иесі шыққан еді (1-кітап, 303-бет). Бұл жердегі нақтылық сипатты тақап келісімен тіркесінен көреміз. Қашан үй иесі шыққан еді? Бұл сөйлемнен істің процесуалдығы аңғарылады. Яғни іс-әрекет осымен біткен жоқ, енді ғана бастау ала бастады. Нақты қай кезеңде бастау алатындығын бағыныңқы сыңардағы мезгіл мәнін үстеп тұрған тақап келісімен деген тілдік бірліктен көреміз. Үйге Қаратай бастаған Көкшелер кіргенде, Құнанбайдың аяқ жағында шымылдықтан денесінің жарымын сыртқа шығарып отырған Нұрғаным шымылдық ішіне салмақпен бет бұрды (1-кітап, 446-бет). Бағыныңқылы сөйлемдегі мезгілмен сәйкес нақтылық сипат басыңқы сыңардағы қимылдың жүзеге асуына негіз болып тұр. Яғни сөйленімнің өн бойындағы іс-әрекеттер белгілі бір уақытқа тәуелді түрде жасалып тұр. Кіргенде Нұрғаным шымылдық ішіне салмақпен бет бұрды. «Кірмей тұрып емес» «дәл кіргенде» ғана салмақпен бет бұрды. Бұл жердегі мезгілдік мағына -генде тұлғасындағы етістікпен темпоралды маркерден көрінеді. Енді Абай мен Дәрмен аттанар кезде, Абайды Базаралы ауыл сыртына оңашалап шығарып алып, бір азғана жайды айтты (М.Әуезов «Абай жолы»). Бұл жердегі қимыл-әрекет бас аяғы бар белгілі бір кезеңде өтіп жатқанын көреміз. Бір азғана жай, яғни Базаралы Абайдың көп уақытын алмайды, көп нәрсе айтпай бір-ақ ауыз сөз ғана айтады. Мезгілдік мағына аттанар кезде (-ар кез) есімше формасы арқылы берілген. Сабақтас құрмалас сөйлемнің сыңаралары арасында болатын мезгілдік қатынастар бірдей болмайды. Бір сөйлемдердің бағыныңқы және басыңқы сыңарларындағы хабарланған оқиғалардың орындалу барысы бір мезгіл шеңберінде өтіп жатса, енді біреулерінде, керісінше, әр мезгіл шеңберінде орындалатын болады. Сөйтіп, мезгіл бағыныңқы сабақтастар іштей бір мезгілдес сабақтас және әр мезгілдес сабақтас деп бөлінеді. Сыңарлары арасындағы мезгілдік қатынастардың әр түрлі болуына қарай салаласа байланысқан сөйлемдер де осылай іштей жіктеледі. Мұндай құрылымды сөйлемдер кейде бір салаластың екі түрлі көрінісі ыңғайында емес, екеуі екі түрлі мағыналық қатынаста тұрған салалас сөйлемдердің дербес түрлері ретінде қарастырылады да, оларға мезгілдес және іліктес деген атаулар алынады. Мезгілдес салалас сөйлем ашық құрылымды болады да, іліктес салалас сөйлемдер жабық құрылымда болып, үнемі екі сыңардан ғана құрмаласады. Құрмалас сөйлемдердің ашық және жабық құрылымды болып келуі күрделі құрылымның сыңарлары арасындағы тұтастықтың күштілігін немесе әлсіздіген аңғартса керек. Ашық құрылымды сөйлемдерде тұтастық күшті болмайды, құрылымы тұрақсыз болады. Сабақтастардағы жарыспалы сөйлемдер осы ашық құрылымдарға жатады. Ал сатылы бағыныңқы сөйлемдер жабық құрылымдарға жатады. Сөйлемнің ашық құрылымды болуы салалас және сабақтас сөйлемдерде әр түрлі болады. Ашық құрылымды салалас сөйлемдерде басыңқы сыңар болмайды. Сондықтан оған күрделендіруші компоненттер соңынан жалғанады. Ондай сөйлемдер көптеген мезгілдес оқиғалардың басын біріктіріп айтудан туындайды. «Сабақтас сөйлемдерде ашық құрылымды болатын сөйлемнің бағыныңқы сыңарлары болғандықтан, күрделену салаластағы сияқты сөйлемнің соңынан емес, ортасынан жүреді. Сатылы бағыныңқы сабақтастастардың кез келген сыңарымен басыңқыны ғана бөліп алып, қалыпты сабақтас жасауға болады» [1, 715]. Көптеген түркі тілдерінде, сонымен қатар қазақ тілінде басыңқыдан бағыныңқы компоненттің бұрын орналасуы – сабақтас сөйлемдер үшін төл заңдылық. Осыған байланысты бағыныңқы сөйлемдердің түрі ажыратылады, олардың басыңқы компонентпен байланысудағы аралық дәнекер жолдары да айқындалады. Мұндай дәнекер жолдар бағыныңқы сөйлемнің баяндауыш формалары арқылы жүзеге асады. Сабақтас сөйлемдерде болатын мезгілдік ұғым ондағы бағыныңқы, басыңқы компоненттердің қарым-қатынасынан шығып жатады. Бағыныңқы компонент өз баяндауышының берілу ыңғайына қарай басыңқыдағы қимыл- әрекеттің мезгіл мөлшерін білдіре жұмсалады. Сабақтастың бұл түріндегі синтаксистік компоненттердің мезгілдік қатынасын саралай талдасақ, мына бір жайды байқаймыз: Бір сөйлемдердің бағыныңқы, басыңқы құрамдарында баяндалған оқиға барысы бір мезгілде орындалып жатса, енді біреулерінде олар бір кезеңде болмай, әр уақытта жүзеге асырылып жатады. Атап айтсақ, бағыныңқыда хабарланған оқиғадан басыңқыдағы ойдың немесе керісінше басыңқыдағы ойдан бағыныңқыдағы хабардың бұрын орындалғаны сөйлем желісінен айқын байқалып тұрады. Енді бірде сөйлемнің екі жақ компонентінде де қимылдың орындалып жатқандығы баяндалады, алайда соның өзінде де біреуінде сол қимыл бұрын не соң орындалатын болады. Мезгіл бағыныңқы сабақтас сөйлемдегі осындай заңдылықты дұрыс саралай білсек, ондағы синтаксистік компоненттердің өзара қарым-қатынасын да дұрыс түсінген боламыз. Мұндай қарым- қатынас бағыныңқы, басыңқы компонент баяндауыштарының берілу жолдарына негізделеді. Олай болса, сөйлемдер арасындағы мезгілдік қатынасты айқындау барысы тек қана бағыныңқы компонент, оның баяндауышымен шектелмей, басыңқының да синтаксистік құрылысымен ескерілуі қажет. Бұл ретте әсіресе басыңқы баяндауышының берілу жолдары сөйлемнің мезгілдік ұғымын саралауға қатынасып отырады. Сабақтас сөйлемдегі мезгілдік қатынастың көріну жолдарын осы негізде сараласақ, мезгіл бағыныңқыларды, жоғарыда айтқанымыздай, жалпы екі үлкен топқа жіктеуге болады: 1) Бір мезгілдес сабақтас құрмалас сөйлемдер 2) Әр мезгілдес сабақтас құрмалас сөйлемдер Бір мезгілдес сабақтас сөйлемдердің синтаксистік компоненттерінде баяндалған қимыл әрекет бір мезгілде, бірінен соң бірі іле орындалып жатады. Осыған орай, олардың баяндауыш формалары да өзара үйлесіп түрленіп отырады. Бұл мәндегі сөйлемнің бағыныңқысыныңбаяндауышы көбінесе –ған формантты есімшенің жатыс септігінде келуі арқылы және шартты райдың –са жұрнағы арқылы жасалады. Бағыныңқыдағы орындалып жатқан не орындалған оқиға барысына сәйкес басыңқы баяндауышы да соған сай мезгілдестік тұлғалармен жұмсалады. Осыдан келіп өзара желілестік, баяндалған оқиғалар орындалуының бір мезгілдес кезеңі айқындалынады. Бұл жай әсіресе – ған формантты мезгіл бағыныңқыдан өз көрінісін тауып тұрады. Мысалы, Әлі де айықпаған ұяң сыпайылықпен қонақтарға қарап ақырын амандасқанда, реңіне шұғыл толқын кірді (2- кітап, 39-бет). Майбасарлар Құлыншақ үйінің сыртына кеп тоқтағанда, төбе басындағылар да жетіп еді (1-кітар, 197-бет). Көкшеден Әмірді Ызғұтты алып жөнелгенде, Байтас Абайға кісі шаптырған (2-кітап, 237-бет). Отты жиренішпен жалт етіп қарағанда, Ызғұтты шошынып барып кейін шегінді (2-кітап, 235-бет). Осы тәріздес бір мезгілдес сабақтас сөйлем басыңқысының баяндауышы үнемі етістіктерден бола бермей, кейде есім сөздерден немесе есім сөз бен көмекші етістіктің тіркесінен жасалады. Мысалы, Абай сәлем беріп үйге кіргенде, кең үйдің іші толған кісі екен (1-кітап, 153-бет). Жоғарыда роман – эпопеядан терілген мысалдардың барлығы синтетикалық тәсіл арқылы жасалған. Бір мезгілдес сабақтас құрмалас сөйлем сонымен қатар аналитика- синтетикалық тәсіл арқылы жасалады. Бұл ретте бағыныңқының есімше баяндауышы кезде, шақта, сайын тәріздес сөздермен тіркесе жұмсалады. Бұл сөздердің өзінен бұрынғы баяндауыш сөздерін меңгере жұмсалуы компоненттер арасындағы оқиғалардың бір мезгіл шамасында орындалып жатуына мүмкіндік туғызады. Мұның өзі олардың сабақтас сөйлем құрамында байланыстырғыш амал болумен қатар мағыналық айырым белгіні де көрсетіп тұратындығын дәлелдей түседі. Бұл, әрине, байланыстырғыш сөздердің семантикалық табиғатымен де тығыз байланысты. Мысалы, Кейін Әбіш тоқтаған уақытта, үй іші тегіс алғыс айтты (3-кітап, 186-бет). Жаңағыдай болыстар ажарын аңғарған кезде, ұлықтар үй жағында жиі қозғалған қарбалас басталды (3-кітап, 154-бет). Шапшаң қайнаған шай Абайлардың алдына жасалған кезде, киіз есік шалқасынан ашылып еді (2-кітап, 33-бет). «Сабақтас сөйлемнің бір мезгілдестік мәнге құрылуында етістіктің шартты рай тұлғасы да үлкен рөл атқарады. Мұндайда да басыңқы компоненттің баяндауышы тұлғалық өзгерістерге түсіп отырады. Ондай формалық құбылыстар әсіресе етістіктің нақ осы шақ, ауыспалы осы шақ, өткен шақ түрлерінің бірінде қолданылады. Басыңқы баяндауышының бұлайша құбылуы синтаксистік компоненттердегі хабарланған оқиғалардың бір мезгіл мөлшерінде орындалып жатқанын не орындалғанын көрсетеді» [4, 98]. Мысалы, Қараса, бағанағы жеңгенің бірі іздеп кепті (1-кітап, 241-бет). Әбіш тағы бір орайда әкесінің үстіне кірсе, Абайдың қарсысында бұл ауылдың адамдарынан бөтен үш кісі отыр екен (3-кітап, 173-бет). Мезгіл бағыныңқы сабақтас сөйлемнің бойындағы бір мезгілдестік ұғым –п формантты көсемшелі сөйлемнен де орын алып тұрады. Мысалы, Ертеңіне түске жақын Ербол келіп, екі жігіт үлкен үйде қымыз ішіп отыр еді (2-кітап, 155-бет). Осыдан соң ақша сандығының аузы ашылып, Майырдың топсасы да босай бастаған (2 кітап, 136- бет). Сонымен бір мезгілдес сабақтас сөйлемдер бағыныңқы компонент баяндауышының көбінесе есімше, шартты рай тұлғалары арқылы жасалады. Бұл ретте мезгіл бағыныңқының бір мезгілдестік мәні ондағы басыңқы баяндауышының өзара үйлесе қолданылуымен бекітіліп отырылады. Ал әр мезгілдес сабақтас құрмалас сөйлемдерде: 1. Әр мезгілдес сабақтас сөйлемнің бағыныңқысында істің әлі орындалмағаны көрсетіледі де, басыңқысында керісінше болғандығы хабарланады. Мұндайда бағыныңқының баяндауышы келер шақтық синтетикалық, аналитикалық-синтетикалық тәсілдермен келеді де, басыңқы сөйлем өткен шақтық не ауыспалы осы шақтық тұлғалармен беріледі. Мысалы, Абай ертең Қарамолаға жүрер кезде, Әйгерім үйіне жастар жиналды (2-кітап, 253-бет). Алтыбай айғайлағанша, қалың қаскөй топ шабуылға кіріскен еді (2-кітап, 585- бет). 2.Бағыныңқыдағы іс жаңада басталып келе жатады, оның аяқталуына қарамастан басыңқыдағы қимыл орындалып қояды. Сондықтан да бағыныңқының баяндауышы осындай мәндік кезеңге сай ала берем дегенде, тұрайын деп ұмтылғанда, алғалы жатқанда тәріздес синтаксистік конструкциялармен келіп отырады. Ал басыңқының баяндауышы өткен шақ формаларының бірінде келеді. Мысалы, Тұрайын деп ұмтылғанда, Сәмен адымдап кеп қамшымен бастан тартып жіберді (2-кітап, 493-бет). Шылбыры қолынан түсе бергенде, Баймағамбет алып кете берді (2-кітап, 278-бет). Бағыныңқы компоненттегі істің әлі аяқталмағандығы, жүріп жатқандығы кейбір –ғанша тұлғалы сөйлемдерден де байқалады. Ұлжан ауылына келіп жеткенше, барлық үйлер тігіліп болды (1- кітап, 256-бет). Жылқыға Абылғазы қолы жетіп араласқанша, мың сан тұяқтардың құшырлы серпіндерінен ұшқан қиыршық қар енді бүкіл өңірді ақ түтек етті (3-кітап, 92-бет). Ол кісі кіргенше, үйге салқындап соғып жел де кірді (3-кітап, 28-бет). Енді көпір үстінде жүгірген Әбіш жеткенше, паром бір саржандай жерге сытылып кеткен екен (4-кітап, 102-бет). 3. Енді бір мезгіл бағыныңқы сабақтас сөйлемнің бағыныңқы, басыңқы компоненттерінде де істің орындалғаны баяндалады. Алайда мұнда бағыныңқыда орындалған қимылдан басыңқыдағы істің бұрын болғандығы аңғарылады. Мұндай аралық қатынас әсіресе басыңқы баяндауышының құрамында еді көмекші етістігінің келуімен айқын байқалып тұрады. Мысалы, Абай сәлем беріп үйге кіргенде, кең үйдің іші толған кісі екен (1-кітап, 153-бет) сөйлемді алып қарасақ, бағыныңқыдағы іс-әрекетке қарағанда, басыңқыдағы іс-әрекеттің бұрын болғандығын байқаймыз. Мұндай мысалдарды роман-эпопеядан көптеп келтіруге болады: Қарабас пен Абай үйге кіргенде, Сүйіндік пен бәйбішесі биік төсекке жатып қалған екен (1 кітап, 148-бет). Абай үй ішінен қатты пысынап тысқа шыққанда, бұл маңдағы жан иесінің бәрі ыстықтан мезі боп күйзеліп жүр екен (1-кітап, 180-бет). 4. Бір топ мезгіл бағыныңқы сабақтас құрмалас сөйлемнің ара қатынасы жоғарыдағы үшінші түрден керісінше болады. Мұнда енді басыңқы компоненттегі амалдан бағыныңқыдағы істің бұрын орындалғаны байқалады. Мезгіл бағыныңқы сабақтас сөйлемнің бойында осындай қасиеттің орын алуына әсіресе оның бағыныңқы баяндауышының құрамына соң, кейін тәріздес жалғаулық шылаулардың жұмсалуы себеп болады. Өйткені бұл жалғаулықтар өзі тіркескен есімше сөздерімен бағыныңқы компоненттегі оқиғаның бұрын орындалғанын көрсетіп, басыңқыдағы амалдың да орындалуына жол ашады. Төрт- бес күн өткен соң, ол Құнанбайдың дәл өз ауылынан бес жылқы алды (1-кітап, 328 бет). Тілмаш арыз жайын айтып болған соң, Ақбас Абайдың аты-жөнін сұрады (1-кітап, 356 бет). Манасты Баймағамбет ертіп кеткен соң, Абай желісі үзілген сөзді қайта қозғады (2-кітап, 187-бет). Үш күндей Мағаштан Әбіш жайына қанып алған соң, енді Абай сол байлауын білдірді (4 кітап, 196-бет). Сонымен мезгіл бағыныңқы сабақтастардың әр мезгілді және бір мезгілді мағыналық қарым-қатынастарын саралай талдасақ, роман-эпопеяда әр мезгілдес түрінің жиі қолданылатынын байқаймыз. Мұның өзі бағыныңқы компоненттің басыңқы компонентті әр түрлі мезгілдестік ыңғайда айқындай айтылудағы заңдылығынан шығып жатады. Ал мезгіл бағыныңқы сабақтас сөйлемдегі осындай заңдылық ондағы синтаксистік құрылыстың табиғатымен астарласады. Сабақтас сөйлемдегі грамматикалық формалар мен мағыналық мазмұндардың өзара тығыз байланыстылығы осындай жеке бағыныңқы түрлерінен айқын байқалады. ӘДЕБИЕТТЕР 1. Қазақ грамматикасы. – Нур-Султан, 2002.-783 б. 2. Сайрамбаев Т.,Сағындықұлы Б. – Алматы, 2007.-120 б. 3. Қордабаев Т. Қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдер синтаксисі. – Алматы, 1995. -175 б. 4. Есенов Қ. Құрмалас сөйлем синтаксисі. – Алматы, 1995.-133 б. 5. Ермекова Т. Қазіргі қазақ тілінің құрмалас сөйлемі. – Алматы, 2011.-224 б. 6. Аманжолов С. Қазақ әдеби тілі синтаксисінің қысқаша курсы. – Алматы, 1994.-320 б. 7. Жукеев Т. Қазақ тіліндегі пысықтауыш мүшеге қатысты синкретикалық құбылыстар: Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның авторефераты. –Нур-Султан, 2005 ПАЗЫЛОВА А.С. ВРЕМЕННОЕ СООТНОШЕНИЕ ОДНОВРЕМЕННЫХ И РАЗНОВРЕМЕННЫХ СЛОЖНОПОДЧИНЕННЫХ ПРЕДЛОЖЕНИЙ В статье говорится о синтаксической связи главной и придаточной частей сложноподчиненного предложения, в котором временное отношение выражается в разные отрезки времени. Проводится анализ предложений, в которых в одних случаях событие сообщаемое в главной и придаточной частях протекает одновременно, в других случаях - в разное время. На конкретных примерах подтверждается влияние средств связи на различие временных соотношений. Ключевые слова: подчинительная связь, придаточная часть времени, одновременность, разновременность, главная часть, придаточная часть PAZYLOVA A.S. RELATIONSHIPS BETWEEN SIMULTANEOU AND NONSIMULTANEOUS ADVERB CLAUSE WINTH TIME IN DEPENDANT CLAUSES. This article is about complex sentence where subordinate and principal clauses are always told as syntactically related, as well there would not be the same adverb clause with time between these complex sentence component in dependent clauses. Moreover, it will analyze clause where in some cases reported incidents in principal and subordinate parts come out simultaneously, in other cases – at a different time. Impact means of various time relationship confirmed by concrete examples. Keywords: subordinate (dependent), principal (independent), simultaneous relationship, nonsimultaneous

Партнеры G Global