Международный секретариат G-Global г.Нур-Султан, ул.Темирказык, 65, офис 116 тел.: 7(7172) 278903

Киясова К.К., Мұратова М.Ә., Әділханұлы М.
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті,
Шымкент, Қазақстан
СИТУАТИВТІК ӘДІС - ЗАМАНАУИ ОҚЫТУ ТАЛАБЫ


Шетел тілдерін оқыту әдістемесінде ситуативтік қағида Ф.де Соссюрдің тіл,
сөйлеу және сөйлеу әрекеті, сөйлеу және сөйлеу белсенділігінің шартты
жағдайына, сондай-ақ оқудың практикалық бағдар қағидатын тереңірек
түсінуіне байланысты идеясы бойынша тұжырымдалған болатын.
Қазіргі кезде шетел тілдерін, әсіресе ағылшын тілін үйрету әдістемесінде
коммуникативтік бағытта оқыту кеңінен қолданылуда. Оның бес түрлі принципі
болып, солардың бірі ситуативтік принцип, яғни сөйлеудің ситуативтік болу
принципі болып табылады. Ол:
1) ең алдымен лексиканы, соң грамматиканы үйретуге;
2) мазмұнды түсінуге;
3) қиыншылықтарды оңай шешуге;
4) өз қабілеттері мен дағдыларын еркін қолдана білуге;
5) өз бетімен еркін ойлауға;
6) әртүрлі жағдайда пікірлеу, әңгімелеу, сөйлеу шеңберін кеңейтуге;
7) сөйлесудің қызықты болуына көп көмегін тигізеді.
Сондай-ақ ағылшын тілін үйрету барысында ситуация:
сөйлеу барысында құрал болу;
сөйлесуге себеп болу;
сөйлеу материалын үйретуде пайдалы болу;
сөйлеу материалын үйретуде және оны игеруде ұтымды тәсіл, әдіс болу
міндеттерін орындайды.
Жоғарыда атап өткендерімізден көрініп тұрғанындай-ақ, ситуациялық
жандасу, ситуацияны қолдау әрі қолдану қазіргі кезде ағылшын тілін шет тілі
ретінде үйренушілер үшін заманауи оқыту әдістемесінің басты талаптарының
бірі. Біз мұнымен ситуативтік принцип немесе сөйлеуде ситуациядан пайдалану

бүгінгі күні пайда болған жаңалық деп айтудан аулақпыз, әрине. Өйткені, бұл
мәселе бойынша шетел тілін оқыту әдістемесінде бір қатар ғалымдар зерттеулер
жүргізген. Атап айтқанда, Пассов Е.И., Рогова Г.В., Мусина З.М. және тағы
басқалар. Осы орайда біз ситуация терминінің шетел тілін оқыту бойынша
әдіскерлердің түрліше талқыланғанының куәсі боламыз. Мысалы,
Е.И.Пассовтың айтуынша, ситуация анық әрекеттер жиынтығы. Егер ситуация
сөйлеуге ынталандырушы болмаса, ол әдістемелік жақтан ситуация емес. Ал,
З.М.Мусина болса, «Біздің бір-бірімізбен байланысымыз нақты өмірлік
жағдайлар, яғни ситуациялардан тұрады. Сондықтан да, оқулық авторлары
мәтіндерді ситуацияларда береді» деген пікірді айтады.
Әдістемелік әдебиеттерде ситуацияға, ситуативтілікке әртүрлі пікірлер
айтылған, мысалы төмендегіше:
1. Ситуация – бұл мән-жай.
2. Ситуация – бұл әрекет.
3. Ситуация – бұл қарым-қатынастар жиынтығы.
4. Ситуация – бұл оқиға.
5. Ситуация – бұл оқиғалардың бір ізділігі.
6. Ситуация – бұл сөйлеудің динамикалық ұйымдастырылуы.
7. Ситуация – бұл тіл ортасы.
8. Ситуация – бұл тілден сыртта болатын ахуал.
9. Ситуация – бұл сөйлеуден тұратын және сөйлеуден тұрмайтын жағдаяттар
жиынтығы.
10. Ситуация – бұл сөйлеудің әрекеттік түрі.
11. Ситуация – бұл сөйлеудің ынталандырушысы, яғни стимулы.
Ситуация сөзінің осылайша әртүрлі талқылануына және әрбір әдіскер оны
өз бетінше дәлелдеп, түсіндірулеріне қарамастан, біз ол туралы ортақ бір пікірге
келуіміз керек. Ол үшін біз бүгінгі халықаралық ғылыми-әдістемелік
конференцияның арқауы болған, қазақ ғылымы мен оқу-ағарту ісіне еңбегі
сіңген ұлағатты ұстаз, филология ғылымдарының докторы, академик Қалдыбай
Бектаевтың «Үлкен қазақша-орысша орысша-қазақша сөздігі»не негізделіп

ситуация сөзін шетел тілін оқыту әдістемесінде термин ретінде ситуация деп,
аудармасыз қалдыруды жөн көрдік. Өйткені, ситуация сөзі күнделікті тұрмыс
жағдайында жоғарыда саналған түсіндірулердің барлығына да сәйкес келеді. Ал
шетел тілін оқыту жағдайында, біз оның негізгі түсінігін, мазмұнын сақтап
қалуымыз керек. Олай болмаған жағдайда, оның кең ауқымды түсінігінен негізгі
мазмұнын түсіну қиындауы мүмкін. Біз мұндай жағдайларды test, rating, café
және тағы сол сияқты сөздерден жақсы білеміз. Бұл сөздер де аударылмай тест,
рейтинг, кафе деп қалдырылғанында ғана өз мазмұнын сақтап қалып отыр. Ал
аударылған жағдайда ол сөздердің мазмұны өзгеретіні немесе кеңейіп кететіндігі
белгілі.
Біз әдетте ситуацияны сөздің, сөз тіркестерінің, грамматикалық
материалдың, сөйлеудің (речь), мәтіннің белгілі бір өмірлік (табиғи) және
арнайы жасалған (жасанды) мән-жайларында, ахуалдарында берілуі деп
түсінеміз. Ситауативтілік дегенде болса, сөздің, грамматикалық материалдың,
мәтіннің ситауцияға тән болуы, ыңғайласып бейімделгендігі көзде тұтылады.
Кейде оларды ситуацияда қолдану дәрежесі деп те түсіндіріледі.
Көптеген әдіскерлер «ситуация ол сөйлеуге ынталандырушы, яғни
сөйлеушіні сөзге тартушы болуы тиіс, сонда ғана ол ситуация болады», - деп
пікір білдіреді. Біз де бұл пікірге қосыламыз. Оларды ситуация механизмдері деп
атауға да болады.
Сондықтан да, қазіргі таңда шетел тілін үйрету барысында кез-келген
үйренуші өзін әртүрлі ситуацияларда елестете отырып, оны практикада жүзеге
асырса, күтпеген жерде кездейсоқ оқиғаларға кездесуі, оған куә болуы, оның,
яғни үйренушінің ойлау қабілетіне әсер етері анық және сол арқылы қажетті
сөздерді саралауға үйренеді. Нәтижеде ситуация әсерінен сол тілде ойлау
процесі жүреді де, автоматты түрде лексикалық қоры артады.
Әдебиеттер
1. Пассов Е.И. Основы коммуникативной методики обучения иноязычному
общению. Москва, 1989. 21-33-беттер.

2. Мусина З.М. и другие. Использование учебно-речевых ситуаций на уроках
иностранного языка. Ташкент, 1989. 16-18-беттер.
3. Миролюбов А.А. и другие. Общая методика преподавания иностранного
языка в средней школе. Ташкент, 1974.
4. Киясова К.К. Ағылшын тілін үйретуде инновациялық әдіс-тәсілдер. Оқу
құралы. Нөкіс, 2002. 7-8-беттер

Партнеры G Global