Международный секретариат G-Global г.Нур-Султан, ул.Темирказык, 65, офис 116 тел.: 7(7172) 278903

Қабылова А.С.

профессор

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ

 

Исламның зияткерлік дәстүрін жалғастырушы

сопы әйелдер қызметі

 

Мақалада суфизмдегі гендерлік мәселелерге ерекше назар аударылып, ер мен әйелдің жеке серіктестікті, яғни тең құқылы келбетін тануы үшін оларға өз уақытында жол ашылатындығы және ішкі дүниенің тепе-теңдік халге жететіндігі, сондай-ақ әлемдегі үйлесімділікті қалыптастыруға мүмкіншілік жасайтындығы анықталды. "Мен" және "сен" немесе "еркек" не "әйел" деген ұғымның қандайда бір мағынасы болмайтындығы, сопылардың рухани өмірінде жыныстық белгілерге қатысты дискриминация жоқтығы шешіліп, адамдардың өзара құрметі мен сыйласымдылығының бағалануына зер салу табиғаты жіктелді.

Түйін сөздер: сопылық, гендерлік мәселе, мистикалық бағыт, бейбітшілік символы, ақыл-ой ілімі, тарихи құбылыс.

Бүгінгі таңда суфизм – ең алдымен халықаралық құбылыс. Ол әлемнің түрлі аймақтарында дамып, діни қозғалыстарды зерттеу аймағы бойынша жаһандық аренада жаңа сұрақтарды туындатуда. Суфизмнің географиялық құлашы кең, бүкіл әлем бойынша Орта Азия, Батыс Еуропа, Латын Америкасы, Африка, АҚШ және Канада елдерінде түрлі топтар этникалық шекаралардан аттап өтіп, түрлі санаттағы мүшелерді өз қатарына қабылдап отыр. Суфизмнің кең таралуы туралы Ә.Қ. Муминов: «сопылықтың алғы сапқа шығуы үлкен жағдай болды. Оған монғол шапқыншылығы, қалалық тұрақтылықтың жойылуы, ханафи «уламаларының» халықтың назарынан ауытқуы үлкен үлес қосты... Медресе жүйесі...сопылық дивандары арқылы жаңа формада өзіндік маңызды орындарын тапты» деген пікір білдіреді [1, 187 б]. Қазіргі біздің мақсатымыз әртүрлі аймақтардағы қызмет жасап жатқан осындай тұлғалардың діни бірегейлігі мен танымының жиынтығын салыстырмалы түрде зерттеу. Менің зерттеулерім барысында жинақталған ақпарат көбінесе көп санды маңызды нәтиже болып табылады. «Сопылық тәжірибе адамға ішкі тазалық, рухани тыныштық, бақыт сыйлайды. Ал, ішкі тыныштық адамға үш түрлі пайда береді: біріншіден, адамның рухы мен сана әлемінде тепе-теңдік орнайды; екіншіден, адам өзін қоршаған сыртқы әлеммен үйлесімділікте сезінеді; үшіншіден, Тәңірімен рухани тұтастықта болу арқылы адам кемелдікке жетеді» деп жазады Д.Т.Кенжетай [2, 289 б]. Осы мән-мәтіндер негізінде бұл қысқа көлемді мақалада мен тек кейбір мәліметтер турасында қысқаша түсіндірме жасаймын.

Суфизмнің жаһандану ғасырындағы елеулі тұстарын тереңірек зерттеу – адамдардың түрлі топтарымен сұхбат жүргізу арқылы жүзеге асырылады, яғни далалық жұмыстар жүргізу барысында айқындала түседі. Далалық зерттеулер жүргізе отырып, діни будандасудың глокализациясына тән эклектикалық діндарлық мінездемесін айқындауға болады. Көп салалы далалық зерттеулер жүргізу арқылы сопылықты ұстанатын жеке тұлғалардың санасындағы діни тетіктерді түсіну тәсілдерін, олардың өмір сүру траекториялары мен мәдени шеңберлерін, сонымен қатар бүгінгі таңдағы көкейтесті араб көктемі, исламофобия, босқындар т.б.мәселелерге қатысты діни позициялары мен ой-тұжырымдарын шешуге ұмтыламыз. Бұл мақсаттарды жүзеге асыру үшін гендерлік мәселеге баса назар аударамыз, діндар әйелдердің идеяларына талдау жүргіземіз. Көп жағдайларда діни білімді игеру тек ерлердің үлесінде, әйелдер бұл бағытты қуаттай алмайды деп саналады. Алайда бұл мақалада біз осы салада жоғары лауазымдарға тартатын, діндарлығы ер адамдармен қатар тұратын діндар әйелдер туралы айтпақшымыз. Сондай-ақ суфизмдегі әйелдер туралы бүгінгі күнге дейін ғасырлар бойы жазылған терең құрметтелетін өмірбаяндар мен әңгімелерді зерттей отырып, бүгінгі заманауи сұраныстармен байланыстырамыз.

Зерттеу тақырыбының өзектілігі бір жағынан, Қазақстан мәдениетіндегі сопы әйелдердің зерттелуінің жеткіліксіздігі, яғни осы көп қырлы құбылыстың түрлі аспектілерін жан-жақты бейнелейтін отандық және шетелдік әдебиеттерде жалпы кешенді зерттеулердің жоқтығы; екінші жағынан сопы әйелдермен байланысты жергілікті дәстүрлердін түп тамырларын танудағы дереккөздердің, сондай-ақ, осы құбылыстың ғаламдық деңгейде пайымдалу маңыздылығы айтылған кезде нақтылана түседі. Негізгі мақсатымыз тарихи оқиғалардың дамуына ішінара маңызды үлес қосатын сопы әйелдердің әлеуметтік-мәдени ойы мен мінез-құлқын байыптау, тарихи және заманауи құжаттарды енгізу, іздеу, анықтау.

Суфизм – бұл исламның мистикалық ілімі, оның негізгі ұстанымы – Құдайға ғибадат жасап, сүйіспеншілік пен махаббат арқылы оған барынша жақындау. Мұсылман топырағында дамыған суфизм өзінің бойына исламның кейбір ерекшеліктерін, атап айтқанда, гендерлік мәселелерді сіңірді. Ер мен әйелдің жеке серіктестікті, яғни тең құқылы келбетін тануы үшін оларға өз уақытында жол ашылады. Біз бір-бірімізден көп нәрсені үйренеміз, ерлер мен әйелдер бір-бірімізді тануымыз қажет, сонда біз өзіміздің ішкі дүниеміз тепе-теңдікке жетеді, сондай-ақ әлемдегі тепе-теңдікті қалыптастыруға болады.

Суфизм жолы – исламның мистикалық жолын ұстанатын әйелдердің әндері мен поэзиясы, олардың армандары мен көзқарастары, сондай-ақ көптеген салаларда шындықты куәландыратын күш-жігерлерінің тарихы арқылы өмір сүреді. Суфизмде әйелге құрмет көрсетіледі және адамзаттың рухани дамуына әйелдердің қосқан үлесі жоғары бағаланады. Себебі алғашқы күннен бастапа-ақ Мұхаммед пайғамбар рух пен заттың мәнін және өмір салтын біріктіру мақсатындағы жұмылып бірлікте болатын әйелді де, еркекті де теңдей тану туралы хабарды жеткізді. Қоғамдағы рухани-мəдени көріністердің түпнұсқалық тазалығы туралы мəліметтерге ие болатын қасиетті Құранның сөздері ерлер мен әйелдердің теңдігін жариялайды. Себебі пұтқа табынатын қараңғы араб тайпаларында қыз нәрестелердің адам санатында болмауын жоюға баса назар аударып, әйелге құрмет пен сыпайы қамқорлықтың үйлесімді болуына барынша кеңес берді. Мұхаммедтің сүйікті әйелі Хадиджа осы жаңа аянның алғашқы жылдарынан бастап-ақ үлкен ілтипат білдіріп, оны нығайтты және қолдады. Ол қиындық пен қайғы-қасіреттің ортасында тұрып, жаңа сенімнің нұрын көтеруге көмектесті. Мұхаммед пен Хадиджаның қызы Фатимаға да исламның терең мистикалық түсінігі жеткізілді. Исламдағы әйел көшбасшылар деп Айша, немесе Хафса Бинт Омар немесе Зайнаб туралы да ерекше айта аламыз.

Жалпы сопы әйелдер әрдайым ғибадат пен құлшылық жасау, көп еңбектену, қабірге зиярат жасау, сонымен қатар ғалымдармен және шейхтермен уақытында кездесуді және сот практикасынан хабардар болуды қажеттілік деп санаған. Олай болса исламдық мистицизмде ерлерді алға тартуға қандай себептер бар? Бұл бір жақты ұғым, оған қосылмаймыз. Себебі еркектерге тән күш пен мен шешім қабылдағыштық белгілері әйелдерде де болады; ал әйелдерге тиесілі сезімталдық пен сұлулық атрибуттары еркектерде де кездеседі. Біз бір-біріміздің бойымыздан құдайшылдықты іздейміз деп жүріп, ең әуелі өзіміздің құдайшыл табиғатымыздың толықтығын көтермелеуге кедергі келтіреміз, ерік-жігеріміз жойылып, кемелдікке жетудегі шекарамыз шектеледі. Сондықтан ер де, әйел де жаратылыстың ғажап құбылыстарын көруге үйренгені дұрыс. Бұл мәселеге нақты тоқталатын болсақ, діни сенімі бойынша ерлер мен әйелдердің арасында айырмашылық бар ма деген сұрақ туындайды. Сопылық шейх Джавад Нурбахштың (1926-2008) айтуынша шынайы қарапайымдылық пен шындыққа жету жолында байсалды әйелдердің халі еркектерден қалыспайды, олармен теңдестіріледі. Өйткені құдайшыл бірегейлік мұхитында "мен" және "сен" немесе "еркек" не "әйел" деген ұғымның қандайда бір мағынасы болмайды. Сопылардың рухани өмірінде жыныстық белгілерге қатысты дискриминация жоқ. Құранда негізінен гендерлік немесе әлеуметтік жағдайға қарамастан адамның өзара құрметі мен сыйласымдылығы бағаланады.

Тарихқа үңілетін болсақ сопы әйелдерге «бейбітшілік символы», «силиха», «қанаита» және «саяха» сияқты атаулар беріледі [3]. Бұл номенклатура – Құрандағы дінге кәміл сенушілерге берілген сын есімдер. Ислам тарихында осындай сипаттамасы бар әйелдер – құрметке ие. Даналыққа ие болған осы әйелдердің өмірлері ізгілікті, қасиеттері мен діни ұстанымдары кең ауқымды ақпарат берді. Олар исламды жақсы түсінді, діни сенімімен әлемнің ақыл-ойын және жүрегін байытты, рухани тәжірибеге ие болды. Алғашқы сопы әйелдер Бағдадта, Хорасанда, Дамаскіде, Басрада кездеседі. Олардың көпшілігінің жанұясы, балалары болған. Сопы әйелдер тұлғаны құрметтеуге, адамдарға сүйіспеншілікпен қарауаға, гуманизмге үндеді. Әділеттілік, қайырымдылық, даналық, бақыт т.б. моральды нормалардың құндылығын дәріптеді. Әділеттілік дегеніміз адамилық деп түсіндірді. Мінез-құлықтық кемелділік тұрғысындағы көзқарастары қоғам дамуының негізін, адам психологиясының күрделі тұстарын ашуға болысады. Жүздеген ғасырлар бойына әйелдер ерлерден қалыспай, кейбір сопылық ордендерде (тариқат) рәсімдер өткізуге қатысқан, ал басқа тариқаттарда ер адамдардан бөлек зікір салу үшін жиналатын болған. Кейбір әйелдер қоғамнан кетіп, адамдардан алшақтап, мысалы, сүйіспеншіліктің элементін әкелген Рабия Адауия (713-801) [4] ханым мінез-құлықтың этикалық дискурсына ие болды, қасиетті әйел бейнесінің нағыз үлгісін танытты. толығымен аскеттік жолға түскен; басқалары ислам миссионерлері ретінде дін мен ғылыми зерттеулердің таралуына ұйытқы болған.

Біле білсеңіз ортағасырдан бастау алатын сопылық үрдіс қазіргі уақытта да өз жалғасын тауып отыр. Мұсылман әлемінен тысқары Батыс елдерінде қолдау тапқаны таң қалдырады. Бұған дәлел – Ұлыбританиядағы сопылардың нанымдары мен тәжірибелеріндегі заманауи үрдістер мен оқиғалар. Қазіргі таңда сопылық ілім – британдық мұсылман қауымдастықтарында айтарлықтай маңызды орын алады және Ұлыбританиядағы исламның дамуына қатысты діни және саяси пікірлерге әсер етеді. ХХІ ғасырда суфизм – радикалды қозғалыстармен күресуге қабілетті, дәстүрлі исламды насихаттаудағы өз пікірін білдіреді. Суфизм зорлық-зомбылыққа қарсы, исламның беделіне сенеді. Ұлыбританиядағы түрлі саладағы өзгерістердің теориясы мен тарихына үңілетін болсақ, бұл аймақтағы суфизм Батыстағы мұсылмандардың саяси және діни қайта құрылуына елеулі үлес қосуда. Бұл аймақта суфизм мектептерінің жаңа толқыны өз қызметін жалғастыруда. Мысалы, Ирина Твиди [5] Англияға Накшбандия орденінің үнділік тармағын жеткізді. Жалпы бұл аймақта барлық дін өкілдеріне құрметпен қарайды. Мысалы, "Англиядағы шіркеулердің бірінде мұсылмандарға намаз оқитын орын бөліп берілді. Мұны діндер мен ұлттар арасындағы түсіністікке қарай жаңа қадам десе болады. Манчестердегі әулие Томас Уернет шіркеуі епархиясының канцлері Джефри Таттершел "біз шіркеудің жергілікті қауым үшін қонақжайлық, даму және ынтымақтастық орны болғанын қалаймыз" деген пікір білдіреді. Бұған аймақатағы мұсылмандар санының көбеюуі себеп болған" [6]. Қосып айтар болсақ, суфизмнің маулауи [7] (мевлеви) деп аталатын тағы бір тармағы Батыс әлемінде танымал болып отыр. Ақ түсті шошақ киіз қалпақ пен қамыстан жасалған флейта әуеніне ілесіп, тоқтамай бір қалыпты айналып билейтін дервиштерді еуропалық заманауи тұлғалардың барлығы біледі.

Ирина Твиди идеялары Калифорниядағы Алтын сопылық университет орталығы арқылы (Центр Золотого Суфийского университета) Америкада жалғасын табуда. Сонымен бірге американдық әйелдер арасында ерекше танымал Хазірет Инайят Хан әкелген – суфизмнің Чишти [8] ордені. Бұл орденнің құрамындағы көптеген әйелдердің ішінен муршид Вера Корданы (Vera Corda) ерекше айтуға болады; оның әсіресе балалармен жұмыс істеуі көптеген ата-аналарға үлкен шабыт берді.

Бүгінгі әлемдегі сопы әйелдер арнайы дәрістер жүргізеді, өз тәжірибелерімен бөліседі, сондай-ақ кітаптар жазады. Мысалы, Суданда емдік өнерді ерекше меңгерген әйел шейхтар танымалдыққа ие болып отыр. Таяу Шығыстағы әйелдер көптеген сопылық ордендерді жетілдіру ісімен айналысады. Түркияда өткен ғасырымыздың басындағы Мұстафа Кемел Ататүріктің сопылық ордендерге тыйым салғанына қарамастан, бұл ілім бұрынғыдан да гөрі өзектірек болып, әйелдердің белсенділігі байқалуда. Бұл турасында қайтыс болғанға дейін Стамбулда Рифаи [9] дәстүрін алып жүрген Фериха Ана ханымды; өлеңдері мен әндерімен өз халқын және шетелдіктерді шабыттандырған Анкарадағы Зейнеб Хатунды айтуға болады. "Ең байырғы Османлы мемлекеті тарих жазушысы Ашык Пашазаде болса Анадолыда құрылған Ахилік ұйымының жанында басқа бір әлеуметтік сынып Анадолы әйелдері туралы жазады. Хаджы Бекташ Уәли дастанына қарағанда ахилікте сопы әйелдер «бажы» деп аталатын" [3].

Сопы әйелдердің шарасы Аллаһқа кәміл құлшылық негізінде жасалады. Олар бізге осы жер бетіндегі ғұмырды ғана тануды емес, ақыреттің терезесіне үңілуді де үйретеді. Осы себепті біздің соншалықты таяз және үстірт көзқарасымызбен күресуге шақырады. Суфизм – бұл ақыл-ой жұмысы емес, шынайы жүрекпен атқарылатын жұмыс. Құдайға жол табу барысында әйелдер де еркектер сияқты эмоцияларға толы күй кешіп, махаббат пен ынта-жігерге сенімді, түйсігі мен шабыты күшті тұлға ретінде танылады. Суфизм – бейбітшілік, өмір сүру, жанашырлық пен теңдік символы болғандықтан, әйелдер бұл бағытты ерекше дәріптейді.

Қазіргі уақытта суфизмдегі әйелдер қызметі елеулі өзгерістерге ұшырап, мәдени және тарихи құбылысқа айналды десек болады. Суфизмді қалыптастырып, оның мәнін сақтап қалған мистикалық әйелдердің ХХІ ғасырда көптеген жаңа зерттеулерді талап етуі ерекше маңызды және қызығушылық тудырады. Бүгінгі таңда батыстық БАҚ беттерінде сүйіспеншілікке түсіндірме мен оның қолданысын әйел қауымының жүргізгенін қалайды дегенді кездестіруге болады. Олар Румидің "әйелдер әдемі сөйлейді, әйел – Құдайдың сәулесі, әйелдерді Құдайдың жердегі шығармашылық күштерінің ең керемет үлгісі" ретінде таныстырғанына сүйенеді. Сопылық бағыттың өкілі Осман Мұзаффар қажы "қазіргі қоғамдағы әйелдер өздерінің көзқарасымен, мейірімді күлкісімен кез-келген адамның қиналыс кернеуін жояды. Осының өзі рухани емдеу көзі. Бұл ең алдымен тазалықты дәріптеуші, дәстүр бойынша тәлімгерлікті меңгеруші тұлға. Егер адам осы қасиеттерге ие болса, ол сөзсіз міндетті түрде сопы болып табылады. Олай болса инабатты, көреген, сүйкімділікті тасымалдаушы заманауи әйелдердің өзін сопы әйелдер десек артық емес" [9].

Сопылық отбасы мүшелерінің тең дәрежеде рухани гүлденуін қолдайды, алайда рухани жетілу үшін керемет тамырлар керек. Әйелі мен ерінің балаларымен серіктестігі отбасының сұлулығын арттырып, діни тынысын көтереді, шабытты қамтитын зор баталар алады. Адами салада қарым-қатынас пен адалдықты тереңдете отырып, Құдаймен қарым-қатынасқа түсу кеңістігін кеңейтеді.

Заманауи қоғамда сопылық қозғалыста белсенділік танытқан әйел көшбасшылардың тарихын баяндайтын тартымды деректі фильмдер түсірілуде. Олардың кейбіреуінің мазмұнына тоқталатын болсақ, мысалы, әлемнің түрлі бөліктерінде қоғамның әлеуметтік жағдайын өзгертуге ұмтылатын шейх Омуу Малик (Сенегал), шейх Фариха Ахмед әл-Джабер ас-Сабах (Кувейт, "Үлгілі ана" ұйымының президенті), Жемннар Саргут (Түркия) сияқты әйелдердің танымалдығы туралы болып отыр. Сонымен бірге "Veiled Voices" деп аталатын деректі фильмде исламдағы әйелдердің «шынайы мұсылмандар» сияқты өмір сүру жолдарын іздейтіндігі баяндалады. Сонымен қатар Джина Хаммад Бейрутта өзінің қайырымдылық және оқу орталығы бар діни көшбасшы. Доктор Су'эд Салехтің Каирде телевизиялық шоуы бар, онда ол ислам заңдарын үйретеді және кеңес береді. Дамаскілік Худа әл-Хабаш – отбасының қолдауы арқылы мешітте Құрантанудың мұғалімі болып жұмыс істейді. Осындай әйелдердің тәжірибесі басқаларға үлгі болып отыр.

Амина Вадид, Асма Барлас және Иршад Манджи сияқты тұлғалар өз елдеріндегі Құранның «патриархалды түсіндірмесіне» наразылық білдіріп, «қайта түсіндірме» жасауға шақырады. Олар өздерінің қызметінің еленбей жатқанын көре тұра батыл күрес кеңістігін тұрақтандырып, дәстүрлі қатып қалған бұғауды шешіп, жаңашыл өзгеріс үшін үн қатуға үндейді. Әрине дін өкілдері бұл тұлғаларды феминистік бағыттың өкілдері деп айыптап, көзқарастарын жоққы шығарады. Қалай деген күнде де олардың белсенділігі артып отыр. Бүгінгі күні мұсылман әйелдер көшбасшы ретінде танылып, Ләйлә Ахмад, Лила Абу Лугод, Фатима Мернисси, Марго Бадран, Навал әл-Садауи және Хома Худфар сияқты әйелдер дін мен ғылымның ымыраласу бағытында қызмет жасап, басымдырақ күшке айналуда. Олардың көбісі Батыс әлемінде танымалдыққа ие болып, исламды дәріптеуге қосқан үлесі айтарлықтай. Олар батыстық феминистік дискурстардың – дәстүрлі исламдағы әйелдердің дискриманацияға ұшырауда деген теріс пікірлерін қабылдамайды.

Сонымен қатар көптеген белсенді мұсылман әйелдер шариғат заңдары бойынша өмір сүретін елдерде де маңызды қызмет атқаруда. Мәриәм әл-Лукас Алжирде мұсылман заңдары бойынша өмір сүретін әйелдер үйірмесінің негізін қалады. Асма Джахангир мен Хина Джилани Пәкістандағы адам құқығын қорғау саласында жетекші заң қызметкері болып жұмыс атқарады. Тауакколь Кармен – Йеменде журналист және құқық қорғаушы. Ирандағы Наргис Мохаммади мен Ауғанстандағы Шырын Эбади және Малалия Джои – шариғат заңы әйелдерді төмендетеді деген батыстық ұрандарға қарсылық білдіріп жүргендердің бірі. Мұндай белсенді әйелдер бар, бұл шындық. Алайда біз исламда туындайтын өзгерістерді мойындауымыз керек. Олар исламды жаңа қырынан сезінуге үндейді. Себебі заманауи мұсылман әйелдері христиан әйлдермен серіктестік қызметке ұмтылады, өз елдерінің өзекті мәселелерін бірігіп шешуге ынталы. Мысыр мен Ливанда, Судан мен Иорданияда, Пәкістан мен Иранда осындай көңіл күй айқын сезіліп, зорлық-зомбылық, дискриминация, жұмыссыздық т.б. толып жатқан әлеуметтік мәселелерді шешуде олар діни әркелкілігіне қарамастан күнделікті қарым-қатынасқа түсіп, келіссөздер жүргізеді. ХХІ ғасырда мұсылман әйелдер қоғамның кез-келген саласында көшбасшылыққа қол жеткізіп отыр. Біз оларды мойындауымыз керек, себебі олар исламға маңызды мағына беруде. Соңғы жылдары саяси көшбасшы әйелдер Пәкістанның бұрынғы премьер-министрі Беназир Бхутто, Индонезияның бұрынғы президенті Мегавати Сукарнопутри, Түркияның премьер-министрі Тансу Пенбе Чиллер, Бангладештің бұрынғы премьер-министрі Халеда Зия, Иранның бұрынғы вице-президенті Масума Эбтекар өз халықтарының саяси әлемінде танымалдыққа ие болды. Мұсылман халықтарында әйел-ананың таза ақылы, ептілігі, еңбекқорлығы дәріптелген. Шығыс қоғамында өз құқықтарын қорғауда күрескен әйелдер саны аз емес, ол біздің уақытымызда да жалғасуда.

Көшбасшы әйелдер танымындағы мораль мен әділеттілік ұғымы, оның маңызды шарты – әрекетті таңдау және әрекеттің өз ырқына негізделуі, қайырымдылық пен ізгілікті қалыптастыратын және күшейтетін тәсілдердің болуы, бақыт пен қиялдағы бақыттың арасындағы айырмашылықты белгілеуі, мінез-құлық, өнеге және жалпы ерік қасиеттердің нақтылануы бүгінгі таңдағы жаңашыл зерттеулермен ұштастырылып, жаңа қырынан бағдарлануы қажеттілік. Заманауи әйелдердің қабілеттілігі, алғырлығы, білім мен зердесі теориялық және тәжірибелік жағынан негіздеу мен дәлелдеу жүйесі арқылы, олардың түсінігіндегі білімнің ақиқаттылығы тәжірибедегі пайымдар мен әдістер арқылы белгіленетіні, білім беру, оқыту, адамдар арасындағы ой алмасу үрдісіндегі зерденің қажеттілігі тарихи-сабақтастық тұрғыда қарастырлып, бүгінгі біздің қоғамдағы білімді жоғарғы деңгейге көтерудегі әйелдер қызметі төңірегіндегі мәселелер ерекше бағаланса деген ойдамыз.

Әдебиеттер тізімі:

 

  1. Муминов А.К. Родословное древо Мухтара Ауэзова / А.К.Муминов, при участии А.Ш.Нурмановой и С.О.Саттарова. Под редакцией С.Н.Абашина. Алматы: Жибек жолы, 2011. -350 с.
  2. Кенжетай Д. Хазини – Ясауи мұрагері // Қазақ халқының философиялық мұрасы: 20т. – Нур-Султан, 2006. – Т. 4: Ислам философиясы. – 285-291бб.
  3. Yazar: Kadir ÖZKÖSE, Kategoriler: Sayı, Sûfî Perspektif. http://somuncubaba.net/ dergi.
  4. Ол құлдың отбасында дүниеге келгендіктен қоғамның әлеуметтік иерархиясының ең төменгі қабатында болатын. Алайда оның бойындағы діндарлығына, мистикалық күштерді иеленуіне және теңдесі жоқ поэтикалық талантына тәнті болған қожайыны оған азаттық береді. Даңқының артқаны соншалықты, тіпті Басра билеушісі Мухаммад бин Сулеймен оған құда түседі. Рабиғага үйленгісі келгендердің арасында суфилердің көрнекті мұғалімі Хасан аль-Басри да болды. Алайда Рабиға Аллаға ғана ғашық болатын. Әйелдердің тек күйеуінің қорғауында болуын талап ететін дәуірде, ал ортодоксальді исламда монахтық өмір үлгісіне тыйым салынғанын еске алатын болсақ, Рабиға мұсылман әлеміндегі дәстүрлі ұстанымдарды жеңіп шыққан ең алғашқы тұлға болатын.
  5. Ирина Твиди - бала күнінде ата-анасымен Батысқа қоныс аударған орыс ұлтының өкілі, теософияны терең оқыған, сопылық бағыттың өкілі деп танылады
  6. https://www.facebook.com/bizdinatymyzdanemes/videos
  7. Джалаладдин Румидің поэзиясынан бастау алатын бұл орденге Осман империясының ақсүйектері мен зияткерлік элитасы ерекше құрмет көрсеткен. Сұлтандар династиясы, визирлер, танымал ақындар, суретшілер, музыканттар және ислам діндарлары мен мистиктері маулауи орденінің мүшелері болды. Маулауи рәсімдері - өте күрделі. Пайғамбардың даңқын ұлықтайтын өлең оқылады, музыкалық импровизация жасалып, «айналмалы» (дервиштер бір-біріне иығын тигізбестен, әрқайсысы өз осінде айналады) би орындалады. Одан кейін екінші бөлімінде төрт рет қайталанатын музыкалық және билеу рәсімдері жалғасып, аспаптық музыка тыңдалады, Құран оқып, дұға жасаумен аяқталады.
  8. Чишти - сопылық орден, X ғасырда Ауғаныстанның Чишти қаласында шейх Абу Исхак негізін қалаған
  9. XII ғасырда Ахмед ар-Рифаи негізін салған ең ежелгі сопылық тариқаттардың бірі

References

 

  1. Muminov A.K. Rodoslovnoe drevo Mukhtara Auezova / A.K.Mwminov pri uçhastïï A.Ş.Nwrmanovoy, S.O.Sattarova. Pod redakcïey S.N.Abaşïna. Almaty: Zhibek Zholy, 2011. -350 s.
  2. Kenzhetay D. Xazïnï – Yasawi murageri / Kazakh xalkynyn filosofialyk’ murasy: 20t. - Astana, 2006. - T.4: Islam filosofiasy. - 285-291
  3. Yazar: Kadir ÖZKÖSE, Kategoriler: Sayı, Sûfî Perspektif. http:// somuncubaba.net/ dergi.
  4. Оl kuldyn’ otbasynda duniege kelgendikten kogamnyn’ aleumettik ierarxiasynyn’ en тo’меngi kabatynda bolatyn. Аlaida onyn’ boiyndagy dindarlygyna, mistikalyk’ кushterdi ielenuine jane tendesi jok poetikalyk’ talantyna tanti bolgan kojaiyny ogan azattyk’ beredi. Dankynyn’ artkany sonshalykty, тіpті Basra bileushisi Muhammad bin Suleimen ogan kuda tusedi. Rabigaga uilengisi kelgenderdin arasynda sufilerdin kornekti mugalimi Хаsаn аl-Bаsri da boldy. Аlaida Rabiga Allaga gana gashyk’ bolatyn. Aieldedin tek kuieuinin’ korgauynda boluyn talap etetin da’uirde, аl ortodoksaldy islamda monaxtyk’ omir ulgisine tyiym salynganyn eske аlatyn bolsak, Rabiga musylman alemindegi dasturli ustanymdardy jen’ip shykkan en algashky tulga bolatyn.
  5. Irina Tvïdï – bala kuninde ата-anasymen Batyska konys audargan orys ultynyn’ okili, теоsofiany teren ok’ygan, sopylyk’ bagyttyn okili dep tanylady.
  6. https://www.facebook.com/bizdinatymyzdanemes/videos
  7. Djalaladdïn Rumidin poeziasynan bastau alatyn bul ordenge Osman imperiasynyn’ aksuiekteri men ziatkerlik elitasy erekshe kurmet korsetken. Sultandar dinastiasy, visirler, таnymal akyndar, suretshiler, мusykanttar jane islam dindarlary men mistikteri maulaui ordeninin’ musheleri boldy. Маulaui rasimderi – ote kurdeli. Paigambardyn’ dankyn ulyk’taityn olen ok’ylady, мusykalyk improvizacia jasalyp, «аinalmaly» (dervishter bir-birine iyg’yn tigisbesten, arkaisysy o’z оsinde ainalady) bi oryndalady. Оdan keiіn ekinshi boliminde to’rt ret kaitalanatyn musykalyk’ ja’ne bileu rasimderi jalg’asyp, aspaptyk’ muzyka tyndalady, K’uran ok’yp, dug’a jasaumen aiak’talady.
  8. Chishti - sufi ordeni, X gasyrda Afghanistannyn’ Chishti kalasynda sceix Abu Ishaq negisin kalag’
  9. XII gasyrda Ahmed ar-Rifai negisin salg’an en’ ejelgi sopylyq tarikattardyn’

Қабылова А.С., профессор, ЕНУ им. Л.Н.Гумилева, Деятельность суфийских женщин, продолжающая интеллектуальные традиции ислама.

В статье особый акцент был сделан на гендерные проблемы в суфизме и на возможность для мужчин и женщин установить личное партнерство, то есть равный доступ к своему времени, к балансу внутреннего мира и гармонии в нем. В связи с тем, что в исламе нет никакого смысла в понятиях "я" и "ты" или "мужчина" и "женщина", в духовной жизни суфиев нет дискриминации в отношении половых признаков, классифицирована природа внимания взаимного уважения и уважительности людей.

Ключевые слова: Суфизм, гендерная проблема, направление мистицизма, символ мира, учение ума, историческое явление.

 

Kabylova A.S., professor, L.N. Gumilyov Eurasian National University. The activities of Sufi women, continuing the intellectual traditions of Islam

The article placed special emphasis on gender problems in sufism and on the possibility for men and women to establish personal partnership, that is, equal access to their time, to the balance of inner peace and harmony in it. Due to the fact that in Islam there is no meaning in terms of "I" and "you" or "man" and "woman", in the spiritual life of the Sufis there is no discrimination regarding sexual characteristics, the nature of attention to mutual respect and respect for people is classified.

Key words: Sufism, genders problem, mysticism, symbol of peace, teaching of the mind, historical phenomenon.

Партнеры G Global